Шымкентте Дубайдан пәтер алған колледж басшылары ұсталды

Ulysmedia
коллаж AI / Ulysmedia

Шымкентте екі колледж арқылы жүзеге асқан ірі қаржы жымқыру схемасы әшкереленді. Тергеу мәліметінше, 2018-2023 жылдары оқу орындарына студенттер тек қағаз жүзінде қабылданып, мемлекеттен 1,3 млрд теңгеден астам қаржы заңсыз алынған. Күдіктілер арасында колледж басшылары мен бухгалтерлер бар, ал схеманы ұйымдастырушы оны түрмеде отырып басқарған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Әңгіме Оңтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжі мен Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық-қаржы колледжі туралы болып отыр.

ТЕК ҚАҒАЗ ЖҮЗІНДЕ ОҚЫҒАН

Тергеу деректеріне сәйкес, талапкерлер колледждерге ресми түрде қабылданғанымен, іс жүзінде сабаққа қатыспаған әрі білім алмаған. Соған қарамастан оқу орындары мемлекеттік білім беру тапсырысы мен кадрларды қайта даярлау бағдарламалары арқылы бюджеттен қаржы алып отырған.

Колледж әкімшілігі студенттерді қабылдау, оқуға тіркеу және жұмысқа орналастыру туралы жалған бұйрықтар шығарған. Құжаттарды рәсімдеу кезінде электронды цифрлық қолтаңбалар қолданылған.

ГРАНТҚА АҚША ТӨЛЕГЕН

Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, медициналық колледждің ақылы бөлімінде оқыған кейбір студенттер мемлекет қаржысы есебінен білім алып жатқандай рәсімделген.

Ал Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық-қаржы колледжі шын мәнінде жұмыс істемеген. Тергеу нұсқасы бойынша, оқу орны тек бюджеттен қаржы алу үшін формалды құрылым ретінде пайдаланылған.

СХЕМАНЫ ТҮРМЕДЕ ОТЫРЫП БАСҚАРҒАН

Тергеу барысында схеманы ұйымдастырған адамның бұған дейін де қаржы жымқыру ісі бойынша сотталғаны анықталған. Соңғы үш жылда ол түрмеде отырғанына қарамастан, заңсыз әрекеттерді қашықтан басқаруды жалғастырған.

Тергеу кезінде күдіктілер мемлекетке келтірілген шығынның 65 млн теңгесін өз еркімен өтеген.

Сот шешімімен үш пәтерге, оның ішінде Дубайдағы бір пәтерге, сондай-ақ үш тұрғын үй мен үш автокөлікке тыйым салынды.

Қазір екі күдікті қамауда отыр. Тағы үш адамға ешқайда кетпеу туралы қолхат берілген. Қылмыстық іс сотқа жолданды.