Алда туристік маусым келе жатыр. Қазақстандықтардың демалатын ең сүйікті елі –Түркия. Халық көбіне бала-шағасымен түрік жағажайларында демалғанды құп көреді. Осы орайда қазақстандықтарды «туристік пакеттер қымбаттай ма, жаңа бағыттар мен жаңа ұсыныстар бола ма?» деген сұрақтар қызықтырады. Бұл сауалдарға Ulysmedia.kz-ке берген сұхбатында Түркияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Мұстафа Капуджу жауап берді.
ТҮРІК ТУРИЗМНІҢ ЖАҢА БАҒЫТТАРЫ
Елшінің мәліметінше, өткен жылы Түркия шамамен 60 миллион турист қабылдаған.
“Демалыс пен туризм – жыл бойы еңбек еткен адамдардың отбасымен бірге тынығып, сергіп қайтуына мүмкіндік беретін қысқа кезең. Түркия бұл тұрғыдан ырысты ел. Географиялық жағынан еліміздің үш жағын теңіз қоршап жатыр, сондай-ақ заманауи қонақүйлер желісі жақсы дамыған. Бұл салаға қомақты инвестициялар салынды. Өткен жылы Түркия шамамен 60 миллион турист қабылдады. Олардың қатарында қазақстандық бауырларымыз да болды. Биыл да Қазақстаннан келетін туристер саны осы деңгейде болады деп күтіп отырмыз”, – дейді Мұстафа Капуджу.
Дипломаттың айтуынша, Түркия бүгінде тек жағажай туризмімен ғана шектеліп отырған ел емес.
“Көпғасырлық тарихының арқасында мәдени туризм мен табиғат туризмі де қарқынды дамып келеді. Осы саладағы тарихи орындарымызда да қазақстандық бауырларымызды көру біз үшін үлкен қуаныш. Тек Анталия, Бодрум, Мармарис секілді жағалау аймақтарында ғана емес, сонымен қатар таңғажайып табиғатымен ерекшеленетін Қара теңіз өңірінде де. Бұл өңірді танытуға бағытталған арнайы таныстырылым пакеттеріміз бар. Қазақстаннан журналистерді шақыру арқылы осы өңірлер мен аймақтардың да кеңінен таныстырылуына басымдық бердік. Алдағы жылдары Қара теңіз өңірінде, соның ішінде Шығыс және Батыс Қара теңіз аймақтарына келетін қазақстандық туристердің саны арта түседі деп сенеміз”, – дейді елші.
ІШКІ ТУРИЗМНІҢ ДАМУ ҚАРҚЫНЫ
Айта кетейік, Қазақстанда ішкі туризм де қарқынды дамып келеді. Дамудың басты қозғаушы күші – курорттық аймақтар. Олар ішкі және сыртқы туристер ағынының негізгі бөлігін қалыптастырып отыр. Өткен жылдың қорытындысы бойынша елдегі орналастыру орындары қызмет көрсеткен келушілердің жартысына жуығы дәл осы курорттық аймақтарға тиесілі болды.
2025 жылы Қазақстанның курорттық аймақтарында 4,9 млн адамға қызмет көрсетілді. Бұл бір жыл бұрынғыдан 11,6%-ға көп. Соңғы бес жылда келушілер саны шамамен үш есеге артқан.
Келушілер саны мен көрсетілген қызмет көлемі бойынша Алматы тау кластері көш бастап тұр. Одан кейінгі орында Щучинск-Бурабай курорттық аймағы мен Маңғыстау облысының курорттық бағыттары.