13 млн теңге: Қазақстанда бақбақтың қай түрін жұлғандар жазаланады?

Ulysmedia
фото: ашық дереккөзден

Экология және табиғи ресурстар министрлігі Қазақстанда бақбақ жұлғаны үшін миллиондаған теңге айыппұл салынатыны жөніндегі ақпаратқа түсініктеме берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

КІМДЕР ЖАЗАЛАНАДЫ?

Вице-министр Нұркен Шарбиевтің айтуынша, айыппұл барлық бақбаққа емес, тек Қызыл кітапқа енген сирек түрлерге қатысты. Яғни аулада немесе далада жиі кездесетін кәдімгі бақбақты жұлу үшін жаза қарастырылмаған.

«Айыппұл Қызыл кітапқа енген бақбаққа ғана салынады. Жалпы Қызыл кітаптағы өсімдіктерді жұлғаны үшін 3000 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған. 2026 жылғы есеп бойынша бұл — 12 975 000 теңге», — деді Шәрбиев.

ҚЫЗЫЛ КІТАПҚА ЕНГЕН БАҚБАҚ ҚАЙДА ӨСЕДІ?

Оның айтуынша, мұндай қатаң жаза сирек кездесетін әрі жойылып кету қаупі бар өсімдіктерді сақтау үшін енгізілген.

«Бұл — саны азайып бара жатқан сирек өсімдіктер. Сондықтан осындай айыппұл қарастырылған. 2019 жылы депутаттардың бастамасымен жаза көлемі он есе көбейтілді. Қазір 3000 АЕК болып отыр. Мұның бәрі Қызыл кітаптағы сирек өсімдіктердің жойылып кетуіне жол бермеу үшін жасалды», — деді вице-министр.

Шенеуніктің сөзінше, мұндай өсімдіктердің бірнешеуін жұлып алу да олардың мүлде жойылып кетуіне әкелуі мүмкін.

«Қызыл кітапқа енген бақбақ түрлері негізінен Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде кездеседі. Сондықтан азаматтарға табиғат аясында жүргенде сирек өсімдіктерге абай болу қажет. Әсіресе қорық, ұлттық парк және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда гүл немесе өсімдік жұлуға болмайды», — деп ескертті Шәрбиев.

КОНТЕКСТ

Айта кетейік, бұдан бұрын Ақтөбе облысындағы, Кұдайберген Жұбанов атындағы ауылдық округтің әкімі Ләззат Бердібаева қолында дала қызғалдақтарымен түскен суретін әлеуметтік желіге жариялауы қоғамда үлкен резонанс тудырған.

Алайда Қызыл кітаптағы гүлмен суретке түскен ауыл әкімі жазадан құтылып кетті