Атыраудағы қанды қылмыс: күдіктінің әйеліне қандай айып тағылып отыр

Ulysmedia
видеодан скриншот

Атырау облысының прокуратурасы Жангелдин ауылында бір отбасының қаза табуына қатысты резонансты істің тергеу барысы туралы мәлімет берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Күйеу бала жалғыз әрекет еткен

Қадағалау органының мәліметінше, Ақбаян Мұқанғалиеваның ата-анасы мен бауырларының өліміне қатысы жоқ. Тергеу барысында оның күйеуі Сұлтан Сәрсемәлиев төрт адамды жалғыз өзі өлтіргені анықталған.

– Аталған қылмысқа өзге адамдардың қатысы бары жөнінде дерек анықталған жоқ. Осыған байланысты А.Мұқанғалиеваға қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылды, – деп хабарлады облыс прокуратурасы.

Алайда әйелге қатысты тергеу толық аяқталған жоқ. Қазір қылмыс туралы хабарламау дерегі бойынша бөлек іс қаралып жатыр. Құқық қорғау органдары Мұқанғалиеваға жүргізілген психологиялық-психиатриялық сараптама қорытындысын күтіп отыр. Соның нәтижесінде оның қанды оқиға жайлы біле тұра үндемегені үшін қандай жазаға тартылатыны белгілі болады.

Қынадай қырылған отбасы

Сәрсемәлиевке қатысты тергеу аяқталып, іс сотқа жолданған. Ол кінәсін толық мойындаған.

Тергеу нұсқасына сәйкес, күйеу бала қайын атасы, қайын енесі және олардың балаларын өлтіргеннен кейін отбасының малын сатып, банк карталарындағы ақшаны шешіп алған. Кейін сол қаражатпен шетелге қашуға әрекеттенген.

фото: Атырау облысы ПД

Оған екі және одан да көп адамды өлтірумен қатар, ұрлық және алаяқтық баптары бойынша да айып тағылған. Сараптама Сәрсемәлиевті есі дұрыс деп таныды. Енді оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.

Ал кісі өлтіру қаруы туралы ақпарат әзірге жарияланған жоқ. Бұл мәлімет сот процесі кезінде айтылмақ.

Қылмыс тарихы

Еске салайық, Атырау облысы Женгелдин ауылында тұратын Қарабалиндер отбасы 2025 жылдың желтоқсан айының соңында із-түзсіз жоғалып кеткен.

Кейін 66 жастағы Мақсот Қарабалин мен оның әйелі Нәсіп Өтешқалиеваның денелері өз үйлерінің ауласындағы шаруашылық құрылысының астынан табылды.

Сәрсемәлиев пен оның әйелі халықаралық іздеуге жарияланып, 2026 жылдың ақпанында Бали аралында ұсталған. Қазақстанға экстрадицияланғаннан кейін Сәрсемәлиев Қарабалиндердің ұлы мен қызының мәйіттері жасырылған орынды өзі көрсеткен. Олардың сүйектері Атырау маңындағы жалдамалы үйдің ауласынан табылды.

Бұл атышулы іс бойынша сот процесі жуық арада басталуы тиіс.