Нұрсұлтан Назарбаевтың немересі Нұрәлі Әлиев «Өзін-өзі тану» пәнін халықаралық деңгейде дамытуды жоспарлап отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
САРА АЛПЫСҚЫЗЫНЫҢ БАСТАМАСЫ
Ол бұл туралы Spark of Light YouTube арнасына берген сұхбатында айтты. Нұрәлі Әлиев өзін-өзі тану сабағын оның әжесі Сара Алпысқызы жүргізгенін, пәннің көптеген балаға өмірлік бағыт бергенін ерекше атап өтті.
– Бізде өзін-өзі тану сабағы болды, оны менің әжем Сара Алпысқызы жүргізетін. Негізі мектептерде өткен осы өзін-өзі тану сабағының әсері өте үлкен болды. Қазірдің өзінде маған жолығып, «өмірлік жолым дәл осы балалық шақтағы сабақтан басталды» деп айтатын адамдар көп. Өкінішке қарай, қазір бұл пән мектеп бағдарламасынан алынып тасталды. Мен қазір осы бағытқа тереңірек ден қойып, өзін-өзі тану пәнін халықаралық деңгейде дамытуды жоспарлап жүрмін, – деді ол.
«Өзін-өзі тану» пәні Қазақстан мектептерінің міндетті бағдарламасына 2010-2011 оқу жылында енгізілген болатын. Жобаның негізгі авторы әрі идеологиялық бастамашысы Сара Назарбаева еді. Пәннің басты мақсаты – оқушылардың рухани құндылықтарын қалыптастыру, мейірім, жанашырлық, жауапкершілік сияқты қасиеттерді дамыту болды.
Алайда «Өзін-өзі тану» пәні мектеп бағдарламасынан 2022 жылы алынып тасталды. Сол жылы Оқу-ағарту министрлігі пәнді міндетті оқу бағдарламасынан шығару туралы шешім қабылдап, кейін бұйрық күшіне енді.
ЖЕЛІ ҚОЛДАНУШЫЛАРЫ НЕ ДЕЙДІ?
Әлеуметтік желі қолданушыларының пікірі де екіге бөлінді. Кейбірі «Өзін-өзі тану» пәнінің тәрбиелік маңызын атап өтсе, енді бірі оның қоғамдағы нақты мәселелерді шеше алмағанын айтты.
– Ең пайдасыз сабақтың бірі болды. Қанша жерден оқытқанымен, егер үйде бала зорлық көріп өссе, ешқандай «өзін-өзі тану» көмектеспейді. Адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту керек. Бірақ шындық сол – ұрлық болды, болып жатыр және бола береді. Миллиардтардың үстінде отырып алып ақыл айту оңай, – деп жазды Екатерина есімді қолданушы.
Ал Динар Абай есімді желі қолданушысы бұл пікірге сарказммен жауап беріп:
– Соңғы 30 жылда сендердің ата-әжелеріңнің арқасында «дзеннің» не екенін түсініп болдық. Енді екі сиыр алып, соны сауып қана өмір сүрсек болды, уайымдамаңдар, – деп пікір қалдырған.
«НҰРЛАНҒАН» ТҰЛҒА ТУРАЛЫ
Нұрәлі Рахатұлы Әлиев мансабын замандастары мамандық таңдап жүрген жаста бастаған. 19 жасында «Сахарный центр» АҚ-ның президенті, көп ұзамай Hit TV телеарнасын басқарып, «Нұрбанк» басқарма төрағасының бірінші орынбасары болды. 25 жасында директорлар кеңесінің төрағасы болып сайланды. Одан әрі Қазақстан даму банкі, «Транстелеком», елорда әкімінің орынбасары қызметі, Capital Holding инвестициялық холдингі, Дубайдағы қонақүйлер мен Алматыдағы мейрамханалар. Тұңғыш президенттің жиені үшін қалыпты жағдай, әдеттегі мансап.
Forbes дерегінше (2025 жылғы мамыр), оның байлығы 289 млн доллар деп бағаланады. Активтер қатарында — Дубай мен Алматыдағы Donatello Hotels and Resorts, мейрамханалар, холдингтердегі үлестер бар. Жуырда бұл тізімде «Транстелеком» да болған, алайда 2025 жылдың тамызында Әлиев акционерлер құрамынан шықты. Сатты. Босағандай болды. Бәлкім, әлдеқайда маңызды нәрсеге айырбастады.
Сол «маңызды» дүние көп күттірмеді. 2026 жылдың қаңтарында Нұрәлі Әлиев Spark of Light жобасының іске қосылғанын жариялады. Миссиясы: «адамзатты 3D-санадан 5D-санасына көшуге қолдау», «өз болмысын табуға көмектесу». Батыстың өзін-өзі дамыту бестселлерлерін көп оқыған біреу Қазақстан да «кванттық секіріске» дайын деп шешкендей әсер қалдырады.
Осындай жарнамадан екі апта өткен соң Әлиев Давоста сөз сөйледі. Тақырып - менталдық денсаулық, нейротехнологиялар және «психоделикотерапияның әсері». Ойлап көріңіз: байлығы 300 млн долларға жуық, әулеті биліктен шеттетілген адам әлемдік элитаға сананы кеңейтудің пайдасын түсіндіріп тұр. Давос мұндайды да көрген.