Кибербуллинг жастарды "жалмап" барады: Астанада қаза болған 20 жасар қыздың әкесі

Ulysmedia
bluescreen.kz

Қайғылы жағдайда көз жұмған Қанаха Айсәуле Саябекқызының әкесі құқық қорғау органдарының жұмысына қатысты ашық мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, қызының өлімінен кейін тергеуде көптеген заңбұзушылық пен салғырттыққа жол берілген, деп хабарлайды ulysmedia.kz

Тергеу қандай деректерге мән бермей отыр?

2026 жылдың 1 сәуірінде Астанадағы Есіл жағалауынан 20 жастағы Айсәуленің мәйіті табылған. Марқұмның басына полиэтилен пакет кигізілген, ал маңдайында көгерген із болғаны айтылды. Алайда полиция істі бірден «өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша тіркеген.

Әкесінің айтуынша, 40 күннен астам уақыт өтсе де, тергеу барысында көптеген маңызды әрекет жасалмаған. Мысалы

– оқиға орнындағы іздер толық алынбаған;
– такси жүргізушісі анықталып, жауап алынбаған;
– банкомат камералары тексерілмеген;
– Айсәуленің телефонына қажетті сараптамалар жасалмаған;
– WhatsApp арқылы қысым көрсеткен алаяқтарды анықтау үшін сұрау салынбаған.

Марқұм қыз алаяққа ақша аударған

Отбасының мәліметінше, Айсәуле өлер алдында бірнеше күн бойы кибералаяқтардың психологиялық қысымына ұшыраған. Олардың ықпалымен 1,1 миллион теңгеден астам ақша аударған. Алаяқ қолданған WhatsApp аккаунтындағы есім ақша алған адамның аты-жөнімен сәйкес келгені де айтылды. Бірақ полиция бұл нөмірдің иесін анықтауға әрекет жасамаған көрінеді.

Әкесі полицияның істі екіге бөліп қарағанына наразы: бірі — кибералаяқтық, екіншісі — суицид. Оның пікірінше, бұл екі оқиғаның арасында тікелей байланыс бар.

«Адам өмірінен алтын маңызды боп тұр»

Сондай-ақ ол Киберпол қызметкерлерінің әрекетін сынға алып, олардың басты назары адам өліміне емес, ломбардтың шығынына ауғанын айтты.

-  Бізге: «Егер алтынды қайта сатып алмасаңыздар, оны ломбардқа қайтарамыз. Олар да табысынан айырылып жатыр» деді. Адам қаза тапқан, ал Киберполды қаржы ұйымының табысы көбірек алаңдатады!

Одан бөлек, олар жұмыстары ақша аударылған дропперлер бойынша банктен мәлімет алып, оны жәбірленушілерге беру ғана екенін ашық айтты. Ал одан кейін адамдар мәселесін өздері шешуі керек екен. Егер Киберпол қарапайым анықтама тасушы сияқты ғана жұмыс істесе, мемлекет не үшін оған миллиардтаған бюджет қаржысын жұмсап отыр? Интернеттегі киберқылмыс пен ломбардтың арасында қандай байланыс бар?

Яғни Киберпол «дропперлер туралы мәлімет бердік» деп істі жабады, ал тергеушілер «сот-медициналық сараптама бойынша бұл суицид болды» деп қорытынды шығарады. Сөйтіп іс формалды түрде «ашылған» болып есептеледі. Ал психологиялық қысым жасап, ақша аудартуға мәжбүрлеген кибералаяқтар мүлде жауапсыз қалып, назардан тыс қалады,- дейді қыздың әкесі.

Оның сөзінше, осындай көзбояушылықтың кесірінен елімізде киберқылмыс жаппай сипат алып отыр. Тіпті қызы жерленген зират қызметкерлерінің өзі соңғы уақытта 20–21 жастағы жастарды жиі жерлейтіндерін айтқан. Биылдың өзінде дәл осылай Айсәуленің екі сыныптасы қаза тапқан. Олар шетелде білім алған жастар болған, біреуі Oxford университетін тәмамдаған.

Депутатқа үндеу

Саябек Қанаханың сөзінше, ол өткен аптада Абзал Құспанның атына ресми хат жолдап, киберқылмыспен күрес жүйесін түбегейлі реформалауды сұраған. Мәжіліс депутатына жолданған хатта бірнеше ұсыныс көтерілген:

– киберқысым арқылы суицидке жеткізгендерге қатаң жаза енгізу;
– киберқылмысқа қарсы бірыңғай орталық құру;
– күмәнді алтын қабылдаған ломбардтарға жауапкершілікті күшейту;
– онлайн несие мен ірі аударымдарға 72 сағаттық «күту жүйесін» енгізу.

Айсәуленің әкесі қоғамды, журналистер мен блогерлерді киберқылмыспен күрес жүйесін реформалауды қолдауға шақырды.