Трамп енді Иранға өз бетінше соққы жасай алмайды

Ulysmedia
Фото: ЖИ

АҚШ Сенаты президент Дональд Трамптың әскери өкілетін шектейтін заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ЖЫР БОЛҒАН ҚҰЖАТ

CNN-нің жазуынша, бұдан былай АҚШ президенті қандай да бір әскери әрекетке бармас бұрын оны Конгреспен келісуге міндетті болады.

Заң жобасын 50 сенатор қолдап дауыс берсе, 47-сі қарсы шыққан. Құжатты демократтардың басым бөлігі мен төрт республикашыл сенатор қолдады. Ал республикашылдардың көбі және бір демократ сенатор қарсы дауыс берген.

Бұған дейін осы заң жобасын қабылдауға жасалған жеті талпыныс нәтижесіз аяқталған. Құжат алғаш рет 2025 жылы АҚШ-тың Ирандағы ядролық нысандарға соққы жасауынан кейін дауысқа шығарылған еді.

ИРАНҒА ҚОҚАН-ЛОҚЫ

Бір күн бұрын Дональд Трамп Вашингтонның 19 мамырға жоспарланған Иранға соққыны кейінге қалдырғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, мұндай өтінішпен оған Қатар, Сауд Арабиясы және Біріккен Араб Әмірліктерінің басшылары жүгінген. Олар Тегеранмен келіссөздер нәтиже беруі мүмкін деп есептейді.

Сонымен қатар Трамп келісімге қол жеткізілмеген жағдайда Пентагонға «ауқымды әскери операцияға» дайын болуды тапсырған.

9 мамыр күні Владимир Путин Иран мен АҚШ арасындағы текетіресті өте ауыр әрі күрделі жағдай деп бағалаған.

Ал бұған дейін Вэнс АҚШ-тың Иран мәселесіне ұзақ жылдарға байланып қалғысы келмейтінін айтқан еді.