Ботагөз Омарова VD Stroy Engineering туралы жалған ақпарат таратқанын мойындады

Ulysmedia
Фото: Facebook

Журналист Ботагөз Омарова VD Stroy Engineering компаниясы мен оның басшысы Азамат Өсімбековке қатысты жариялаған жазбаларының шындыққа жанаспайтынын көпшілік алдында мойындады. Бұған дейін дәл осы жазбалар «көрінеу жалған ақпарат тарату» бабы бойынша қылмыстық істің қозғалуына негіз болған еді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Жазбаларының жалған екенін мойындады

«Айтпа, Ботагөз» Telegram-арнасында ресми терістеу хаты жарияланды. Онда Омарова 2026 жылғы 20 ақпан мен 7 наурыз аралығында Instagram мен Telegram желілерінде VD Stroy Engineering компаниясының Астанадағы ат спорты кешенінің құрылысына байланысты «Ремстрой-1» компаниясының жұмысшыларына қарызы бар деген ақпарат таратқанын жазған.

Алайда қазір журналист бұл мәліметтердің шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді. Ол VD Stroy Engineering туралы барлық алдыңғы жарияланымдарын өшіріп тастаған.

– Мен шынайылық, объективтілік және бейтараптық қағидаларын, сондай-ақ «Масс-медиа туралы» заңда көрсетілген журналистиканың негізгі ұстанымдарын елемегенімді мойындаймын. Компания басшылығының қатысуымен маған «ВД Строй-Инжиниринг» ЖШС-нің «Ремстрой-1» ЖШС алдында ешқандай қарызы жоқ екенін дәлелдейтін құжаттар көрсетілді. Соған қарамастан, мен жалған ақпарат таратуды жалғастырдым. Бұған көбіне жаңа оқырман жинап, аудиторияның қызығушылығын арттыру ниеті түрткі болды. Нәтижесінде бұл жарияланымдар «ВД Строй-Инжиниринг» ЖШС мен оның құрылтайшыларының құқықтарына, заңды мүдделеріне және іскерлік беделіне нұқсан келтірді. Оған шын жүректен өкінемін және ресми түрде кешірім сұраймын, – деп жазды Омарова.

Журналист компаниядан, оның құрылтайшыларынан және өз аудиториясынан кешірім сұрады.

Өсімбеков не деді?

Осыған дейін VD Stroy Engineering компаниясының басшысы Азамат Өсімбеков Ulysmedia.kz бас редакторы Самал Ибраеваға сұхбат берген еді. Әңгіме барысында ол алғаш рет өзіне тағылған айыптарға жауап беріп, компанияның президенттің туыстарымен байланысы туралы қауесеттерге пікір білдірді әрі Омаровамен арадағы даудың қалай өрбігенін егжей-тегжейлі түсіндірді.

Өсімбековтің айтуынша, алғашқы жарияланымдар шыққан соң ол журналистің өзімен байланысқа шыққан. Кейін олар Омарованың видеоларында көрсетілген адамдармен кездескен.

– Ол адамдар ашық түрде менің де, компаниямның да оларға ешқандай қарызы жоқ екенін айтты. Өзара субмердігер компаниялардың арасында дау болған: бір субмердігер екіншісіне төлем жасамаған, – деді ол.

Самал Ибраева компания өз мердігеріне ақысын төледі ме деген сұрақ қойған кезде, Өсімбеков барлық құжат журналистке көрсетілгенін айтты.

– Біз Ботагөзге барлық құжаттарды ұсындық, ешкімге қарызымыз жоқ екенін дәлелдедік, – деді ол.

Құрылыс компаниясы басшысының сөзінше, «Ремстрой-1» VD Stroy Engineering-тің тікелей мердігері емес, Capital Engineering компаниясымен жұмыс істеген қосалқы мердігер болған. Оның айтуынша, олардың арасындағы дау шамамен үш жылға созылған және VD Stroy Engineering бұл мәселеден бастапқыда хабарсыз болған.

«Омарованы түрмеге отырғызу мақсатым жоқ»

Сұхбаттағы ең өткір мәселелердің бірі қылмыстық іске қатысты болды. Самал Ибраева Өсімбековтен бұл бап бойынша Омароваға жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қаупі барын  және журналистің баланы жалғыз тәрбиелеп отырғанын еске салды.

Өсімбеков мәселені сотсыз әрі полициясыз шешуге тырысқанын айтты.

– Менің де балаларым, отбасым, ата-анам, туыстарым бар. Мен оған: «Ботагөз, сіз бәріне көзіңіз жетті ғой», – дедім. Ол болса: «Сіздің алдыңызда ыңғайсызданып тұрмын, кешірім сұраймын. Ертеңге дейін ойланып, мұны қалай дұрыс өшіру керегін шешемін», – деді. Мен оған: «Тезірек шешіңіз, себебі мұны адамдар көріп отыр. Туыстарым, таныстарым қарап отыр. Анамa хабарласып: “Ұлың адамдарды алдапты дейді, рас па?” деп сұрап жатыр. Бәрін алдағандай, біреуді 600 миллионға тақырға отырғызғандай көрсетілдім», – деді Өсімбеков.

Алдымен компания жарияланымдарды өшіріп, ресми терістеу жариялауды талап еткен сотқа дейінгі шағым жолдаған. Бірақ оның айтуынша, жазбалар жалғаса берген соң құқық қорғау органдарына жүгінуге мәжбүр болған.

Медиация мүмкіндігі туралы сұраққа Өсіммбеков Омарованы бас бостандығынан айыруды мақсат етпейтінін айтты.

– Менің мақсатым – оны түрмеге жабу емес. Ең бастысы, ол мұны әдейі жасағанын, бәрін білгенін мойындаса деймін. Қандай жеке мүддесі болғанын да, не үшін бұлай істегенін де білмеймін, – деді ол.

Істің мән-жайы

Ботагөз Омарова 2026 жылдың наурыз айының соңында «көрінеу жалған ақпарат тарату» ісі бойынша үйқамаққа алынған болатын. Жақында оған қатысты бұлтартпау шарасы тағы бір айға ұзартылды.

Бұған дейін ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов тергеу аяқталғанын, іс материалдары жақын арада сотқа жолданатынын хабарлаған еді.

Омарова қамауға алынғаннан кейін журналистер қауымдастығының өкілдері президентке үндеу жасап, жағдайды жеке бақылауына алып, журналисті қылмыстық қудалауды тоқтатуды сұраған. Кейін мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева билік бұл жағдайды бақылауда ұстап отырғанын айтып, тергеу аяқталғанша күтуге шақырды.