Ресей су асты ядролық жобасын әзірлеп жатыр – НАТО

Ulysmedia
фото: topcor.ru

НАТО барлау қызметі Ресейдің Солтүстік флоты жүргізіп жатқан әрекеттерді бақылап, теңіз түбіне ядролық оқтұмсық тасымалдауға қабілетті зымырандарды орналастыру әрекеті болуы мүмкін деген қорытындыға келген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz. 

«Скиф» жобасы бірнеше ай зерттелген

Бұл туралы ARD телеарнасы WDR мен NDR жүргізген зерттеуге сілтеме жасап хабарлады. Зерттеу авторларының мәліметінше, Ресейдің Солтүстік флотының кейбір қимылдары теңіз түбіне ядролық қару алып жүретін зымырандарды жасырын орналастыру жоспарын меңзейді. Журналистер бірнеше ай бойы «Скиф» деп аталатын құпия жобаны зерттеген: спутниктік суреттерді саралап, Ресейдің ғылыми базаларындағы мәліметтер мен тарихи құжаттарды қарап, әскери мамандар және сарапшылармен сөйлескен.

Жиналған ақпаратқа, соның ішінде НАТО барлау деректеріне сүйенсек, Ресей көп жылдан бері теңізге бұрын-соңды қолданылмаған тәсілмен баллистикалық зымыран орналастыру технологиясын әзірлеп келуі мүмкін. Зерттеуде мұндай қондырғыларды анықтау да, жою да аса қиын болатыны айтылған.

Зымырандар теңіз түбінен ұшырылуы мүмкін

НАТО дерегіне сәйкес, Ресейдің әскери жобасы үшін «Синева» зымыраны негізінде «Скиф» атты жаңа үлгі жасалған. Бұл — Ресей суасты қайықтарының қару-жарағында бар зымыранның өзгертілген нұсқасы.

Мәліметке қарағанда, жаңа зымырандар теңіз түбінен ұшырылып, бірнеше мың шақырым қашықтыққа жете алады. Алғашқы сынақтары бірнеше жыл бұрын өткен болуы ықтимал.

Ядролық қару арнайы шахталарда сақталуы ықтимал

Батыс барлау қызметтерінің ақпаратына сәйкес, ядролық оқтұмсық алып жүре алатын зымырандар арнайы шахталарға немесе контейнерлерге бірнеше жүз метр тереңдікке орналастырылуы мүмкін. Олар ұзақ уақыт бойы теңіз түбінде жатып, қажет кезде қашықтан іске қосылады деген болжам бар.

НАТО деректерінде мұндай шахталарды орнату үшін Ақ теңіз жағасындағы Северодвинск қаласында орналасқан «Звездочка» кемесі мен «Саров» сүңгуір қайығы пайдаланылуы мүмкін екені де айтылады.

Ресей әзірге пікір білдірмеді

Алайда НАТО да, Ресей Қорғаныс министрлігі де «Скиф» жобасына қатысты ресми пікір білдірмеген. Ал Ресейдің Берлиндегі елшілігі бұл мәселеге қатысты өзінде ақпарат жоқ екенін хабарлаған.

Берлиндегі «Ғылым және саясат» қорының сарапшысы Хельге Адрианс ARD эфирінде теңіз түбіне зымыран орналастыру Ресейге қымбат суасты қайықтарына тәуелділікті азайтып, ядролық тежеу әлеуетін төмен шығынмен сақтауға мүмкіндік беруі мүмкін екенін айтты.

Дегенмен мұндай жоба теңіз ағыстарының әсері, шахталардың лайлануы, энергиямен қамту және дерек жеткізу секілді күрделі техникалық кедергілерге тап болады.

Мұндай қаруға халықаралық шектеу бар

АҚШ, КСРО және тағы шамамен 80 мемлекет 1971 жылы теңіз түбіне ядролық қару орналастыруға тыйым салатын келісімге қол қойған. Бірақ бұл құжат тек халықаралық суларға қатысты және мемлекеттердің өз аумақтық суларында мұндай жүйелерді орналастыруына тыйым салмайды.

ARD арнасы 2017 жылы Ресей Әуе-ғарыш күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы Виктор Бондарев теңіз түбінде жасырынатын «Скиф» зымырандары Ресей армиясының арсеналында бар екенін мәлімдегенін де еске салды.