Елдің кей өңірлерде нөсер жаңбыр жауып, бұршақ пен қатты жел соғады, ал басқа аймақтарда түнде үсік пен тіпті қар күтіледі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Синоптиктердің болжамы
«Қазгидромет» синоптиктері елдің солтүстігінде, оңтүстігінде және оңтүстік-батысында алдағы күндері ауа райы тұрақсыз болатынын ескертті. Атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты жаңбыр мен найзағай күтіледі.
23 мамырда Түркістан, Алматы және Жамбыл облыстарында қатты нөсер жауады. Найзағай, бұршақ және екпінді жел күтіледі. 24–25 мамыр күндері оңтүстік-шығыстың таулы аймақтарында жаңбыр кей жерлерде қарға ұласуы мүмкін. Осыған байланысты түнгі уақытта шығыс, солтүстік-шығыс және орталық өңірлерде ауа температурасы -3 градусқа дейін төмендеп, үсік жүреді.
Сонымен қатар оңтүстік өңірлерде шаңды дауыл мен күшті жел болуы ықтимал. Бірқатар аймақтарда таңертең және түнде қалың тұман түсіп, жол қозғалысына қолайсыздық тудырады.
Ал ауа температурасы біртіндеп көтеріле бастайды. Батыста күндіз +35 градусқа дейін жылынуы мүмкін. Солтүстік пен орталықта +32 градусқа дейін, оңтүстікте +35 градусқа дейін жетеді. Ең салқын өңір ретінде шығыс Қазақстан қалады, мұнда күндізгі температура +17 мен +25 градус аралығында болады.
Аптап ыстық
Айта кетейік, бұдан бұрын синоптиктер Алматыда биылғы жаз ерекше ыстық болуы мүмкін екенін айтқан. «Қазгидромет» РМК метеорологиялық болжамдар бөлімінің басшысы Дәулет Кисебаевтың мәліметінше, қаладағы жазғы температураның абсолютті рекорды 1983 жылы тіркелген. Сол кезде ауа температурасы +43 градусқа жеткен. Биылғы ыстық бұл шамадан да асып түсуі мүмкін.