Депутаттар тағы бір тілге ресми мәртебе бермекші

Ulysmedia
фото: ашық дереккөзден

Қазақстанда ымдау тілінің мәртебесі заң жүзінде бекітілуі мүмкін. Мұндай бастама Мәжілісте есту және сөйлеу қабілеті бұзылған адамдарды қолдауға арналған заң жобасы аясында талқыланып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

5 мың баланың есту, сөйлеу қабілеті шектеулі

Мәжілісмендер келтірген дерекке сүйенсек, Қазақстанда есту және сөйлеу қабілеті бұзылған 30 мыңнан астам адам бар. Олардың шамамен 5 мыңы – балалар. Көпшілігі үшін ымдау тілі – толыққанды қарым-қатынас жасаудың жалғыз мүмкіндігі бола тұра, әлі күнге дейін заң жүзінде нақты бекітілмей келеді.

Осы мәселені көтерген депутаттар заңға түзету енгізуді ұсынған, оны Үкімет қолдапты. Ал Мәжілістің жұмыс тобы бұл бастамаға бірауыздан дауыс берген.

"Құрғақ сандардың артында әрқашан нақты адамдардың тағдыры тұрады. Адам ауруханада ойын жеткізе алмайды. Қызмет ала алмайды. Оның сөзі естілмейді. Әрине, бұл әлі соңғы шешім емес. Бірақ ымдау тілі ресми мәртебе алатын болса, бұл өте маңызды қадам болады", – деді Мәжіліс депутаты Екатерина Смолякова.

Кімнің бастамасы?

Бастаманы депутат Нұргүл Тау көтерген. Бұл мәселе Қазақстан саңыраулар қоғамының өтінішінен кейін талқылауға шыққан. Қоғам өкілдері сурдоаударманың, бейімделген контенттің жеткіліксіз екенін және есту қабілеті бұзылған адамдардың күнделікті өмірде көптеген қиындыққа тап болатынын айтқан.

Екатерина Смолякова бұл бастама тек тілді символикалық түрде мойындау емес екенін атап өтті. Заң жобасында білім алу, медициналық көмек, мемлекеттік қызметтер, сот жүйесі және ақпаратқа қол жеткізу сияқты мәселелер қамтылған.