Алмасбек Садырбай заңсыз қамауда отыр - Адвокат Жоғарғы сотқа жүгінді

Ulysmedia

Адвокат Анара Құсайынова сотталушы Алмасбек Садырбайдың заңсыз қамауда отырғанын мәлімдеп, әлеуметтік желіде Қазақстан Жоғарғы сотының төрағасы мен қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрайымы Назгүл Рахметуллинаға видеоүндеу жариялады. Құсайынованың айтуынша, оның қорғауындағы Алмасбек Садырбай 19 наурыздан бері заңсыз қамауда отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Құсайынова Алматы облысының соттары Қылмыстық-процестік кодекс нормалары мен 2026 жылғы 15 наурыздағы референдумда қабылданған жаңа Конституция талаптарын елемей отыр деп мәлімдеді. Аталған Конституция азаматтарды негізсіз қамаудан қорғауға кепілдік береді.

Ол Жоғарғы соттың түсіндірмелері мен Конституциялық сот қаулыларына қарамастан, кейбір судьялар айыпталушыларды заңды негізсіз қамауда қалдыратын «әділетсіз сот актілерін» шығаруды жалғастырып жатқанын атап өтті.

Адвокаттың сөзінше, Қонаев қаласының тергеу сотының 4 наурыздағы қаулысымен Алмасбек Садырбайдың қамау мерзімі прокурордың іс материалдарымен танысуы және айыптау актісін дайындауы кезеңіне ғана — 2026 жылғы 19 наурыз сағат 21:39-ға дейін ұзартылған.

Алайда іс сотқа түскен кезде бұлтартпау шарасын сот процесі кезеңіне ұзарту мәселесі, Құсайынованың айтуынша, шешілмеген.

Оның айтуынша, Қонаев сотының 19 наурыздағы қаулысымен іс тек өндіріске қабылданып, негізгі сот талқылауы тағайындалған. Адвокаттың нұсқасы бойынша, судья Нұрлан Қойшыбаев бұрын таңдалған бұлтартпау шарасын тек «өзгеріссіз қалдырған», бірақ қамау мерзімін заңда белгіленген тәртіппен ұзартпаған.

– Демек, бұлтартпау шарасының мерзімі 2026 жылғы 19 наурыз сағат 21:40-та аяқталды. Сондықтан Алмазбек Садырбай дереу босатылуы тиіс, – дейді адвокат.

ЕРДР мәліметінше, Алмасбек Садырбайға қатысты қылмыстық істі жаңа айыптау актісімен Алматы облысының прокуратурасы сотқа тек 2026 жылғы 20 наурызда, яғни қамау мерзімі аяқталғаннан кейін жолдаған.

– Осыған байланысты қорғау тарапы 19 наурыздағы жағдай бойынша Қонаев соты бұлтартпау шарасын ұзарту мәселесін физикалық тұрғыда қарай алмаған деп есептейді, – деді Құсайынова.

Ulysmedia.kz басылымына берген пікірінде ол аталған жағдайлардың барлығы қызметтік тексеруді талап ететінін айтты.

Сәуір айында Қонаевта фермер әрі белсенді Алмасбек Садырбайға қатысты сот процесі басталды. Ол бір жарым жылдан бері қамауда отыр. Оған ұйымдасқан қылмыстық топ құрды, алаяқтық жасады және ақша жылыстатты деген айыптар тағылған.

Белсендінің өзі бұл айыптармен келіспейді. Бұған дейін ол билікке жүгініп, істің өзінің қоғамдық қызметімен және фермерлерді қорғау әрекетімен байланысты екенін айтқан.