Жүргізушілер шағымынан кейін наркологиялық орталықтар тексерілмек

Ulysmedia
ДСМ

Қазақстанда жүргізушілердің шағымынан кейін наркологиялық орталықтар тексерілмек, деп хабарлайды Ulysmedia.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Денсаулық сақтау министрлігі жүргізушілердің шағымынан кейін, елдегі наркологиялық орталықтарға тексеру жұмыстарын жүргізетін болды.

Министр Ақмарал Әлназарова жүргізушілерді медициналық куәландыру кезінде жекелеген наркологиялық орталықтардың тарапынан жіберілетін заңбұзушылықтар мәселесі бойынша кеңес өткізді.

– Кеңес барысында азаматтардың өтініштері, депутаттық сауалдар және алкогольдік масаң күйді анықтау бойынша куәландыру жүргізу кезінде белгіленген рәсімдердің сақталмауына қатысты анықталған фактілер қаралды. Министр Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне қолданыстағы стандарттар мен медициналық куәландыру жүргізу тәртібінің сақталуын тексеру мақсатында барлық өңірлік наркологиялық орталықтарға кешенді тексеру жүргізуді тапсырды, – делінген министрліктің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.  

Ведомство басшысы заңбұзушылықтар анықталатын болса, материалдар заң шеңберінде процестік шешімдер қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жіберілетінін айтты.