Пәкістанда теракт болып, кемінде 24 адам қаза тауып, 70-ке жуық адам жараланды, деп хабарлайды Ulysmedia.
ТОЛЫҒЫРАҚ
AFP агенттігінің мәліметінше, 24 мамыр күні Белуджстан провинциясының оңтүстік-батысында бомба қойылған көлік әскерилер мен олардың отбасы мінген пойызға соқтығысып, салдарынан кемінде 19 адам қаза тауып, 50-ге жуық адам жарақат алды.
Reuters агенттігінің жазуынша, қаза тапқандар мен жараланғандар саны бұдан әлде қайда көп. Агенттіктің жазуынша, терактіден 24 адам қаза тауып, 70-ке жуық адам жараланған.
Пәкістан билігінің хабарлауынша, пойыз Кветта қаласынан Пешеварға бара жатқан. Темір жол өткелінде бомба қойылған көліктегі жанкешті соқтығысқан.
Жарылыстан екі вагонды жол жиегіне ұшырып кетіп, өртенген. Жарылыс толқыны темір жол бойындағы ғимарат пен ондаған көлікті бүлдірген. Белуджстан үкіметінің баспасөз хатшысы Шахид Ринд аймақта төтенше медициналық жағдай жарияланғанын хабарлады.
КОНТЕКСТ
Белуджистан — халқы сирек қоныстанған өңір. Аймақ тұрғындарының негізгі бөлігін белудждар құрайды, олардың басым көпшілігі сунниттік исламды ұстанады.
Белуджистандағы қақтығыс 1948 жылы басталды. Сол кезде Ұлыбританияның өңірден кетуінен кейін Пәкістан мемлекеті құрылып, онда басты саяси рөлді пенджабтықтар иеленді. Ал белудждар өз алдына жеке мемлекет құра алмады. Содан бері сепаратистік топтар Белуджистан тәуелсіздігі үшін күрес жүргізіп келеді.
Белуджистанды азат ету армиясы — солардың ішіндегі ең ірі ұйымдардың бірі. Бұл топқа Пәкістанда тыйым салынған және АҚШ оны террористік ұйым деп танылған. Ұйым өкілдері бірнеше рет азаматтық нысандарға, мемлекеттік қызметкерлер мен әскерилерге шабуыл жасаған.
Белуджистанда соңғы рет ірі шабуыл 31 қаңтарда болған. Пәкістан билігінің мәліметінше, сол уақытта кемінде 10 қауіпсіздік қызметкері мен 11 бейбіт тұрғын қаза тапқан. Он шақты жерде жасалған шабуылдар үшін жауапкершілікті BLA сепаратистік ұйымы өз мойнына алған.