Қазақстан мен Ресей шекарасында белгісіз дрондар ұшып жүр

Ulysmedia
фото: ашық дереккөзден

Батыс Қазақстан облысында “Сырым” шекара бекеті маңында байқалған белгісіз ұшқышсыз ұшу аппараттары тұрғындарды алаңдатты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Куәгерлердің айтуынша, шекара өткелі мен шекара заставасы аумағының үстінде шамамен он шақты дрон ұшып жүрген, деп жазады “Уральская неделя” басылымы.

“Самара облысы жақтан ұшып келіп жатыр. Он шақтысы болды. Олар өткізу бекеті мен застава үстінде ұшты. Мұндайды бірінші күн көріп тұрған жоқпыз”, – дейді куәгер.

Әлеуметтік желілерде бұл ақпарат кең талқыланғанымен, ресми органдар әуе кеңістігі бұзылды деген мәліметті жоққа шығарды. 

“Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін бұзу деректері тіркелген жоқ. Жағдай тиісті қызметтердің бақылауында”, – деп хабарлады Қорғаныс министрлігі.

Ведомство тұрғындардан сабыр сақтап, расталмаған ақпарат таратпау және тек ресми дереккөздерге сенуге шақырды.

ДРОНДАРДЫҢ ҚҰЛАУЫ

Айта кетейік, соңғы уақытта ел аумағында ұшқышсыз ұшу аппараттарының құлау оқиғалары жиіледі. Мүндай оқиға жуырда Ақтөбе облысында Әлімбет ауылының маңына болған. Ұшқышсыз ұшу аппаратының сынықтары елді мекеннен шамамен 2,5 шақырым жерден табылған.

Ал 29 наурызда Атырау облысы аумағында дронның күйген сынықтары табылған.