Кеше, 27 мамыр күні Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Саясаттанушы Газиз Әбішев Владимир Путиннің бұған дейінгі мемлекеттік сапары Қазақстанға 2024 жылдың қарашасында жасалғанын еске салды.
Осыған байланысты сарапшы Ресей президентінің бұл жолғы сапарының өзгешелігіне назар аударды. Оның айтуынша, әдетте мемлекет басшылары бір елге бір президенттік мерзім ішінде бір-ақ рет мемлекеттік сапармен барады.
— Путин Қазақстанға бір президенттік мерзім аясында екінші рет мемлекеттік сапармен келіп отыр. Бұл қалыптасқан дипломатиялық дәстүрден тыс жағдай болғанымен, ешқандай құқықтық нормаға қайшы емес. Мұның өзі мұндай сапардың аса маңызды әрі қажетті екенін көрсетеді. Әрі дипломатиялық, әрі нақты экономикалық тұрғыдан алғанда да мәні зор, — деді саясаттанушы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Ресей президентінің мемлекеттік сапары 27–29 мамыр аралығында өтеді.
Путин Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысады. Биыл Қазақстан төрағалық етіп отырған бұл жиынның басты тақырыбы – цифрлық даму қарқыны және одақ ішіндегі сауда кедергілерін жою үшін жасанды интеллектіні тәжірибеде қолдану.
Сонымен қатар, 2030 және 2045 жылдарға арналған интеграциялық стратегиялық жоспарлар бекітіледі.
Мемлекеттік сапар аясында Путин мен Тоқаевтың жабық форматтағы келіссөздері де жоспарланған.