Қазақстан мұнай экспорттайтын тағы бір бағыт пайда болуы мүмкін

Ulysmedia
ашық дереккөзден

Қазақстан Каспий теңізінің түбі арқылы мұнай құбырын салу мүмкіндігін қарастырып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz LS басылымына сілтеме жасап.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, экспорт бағыттарын әртараптандыру және сыртқы нарыққа тасымал тұрақтылығын арттыру аясында Қазақстан Транскаспий инфрақұрылымын дамыту мәселесін зерттеп жатыр. Соның ішінде Каспий теңізінің түбімен мұнай құбырын тарту мүмкіндігі де бар.

Жоба әзірге талқылау кезеңінде

Ведомствоның хабарлауынша, қазіргі таңда жоба концептуалдық пысықтау және сараптамалық консультациялар кезеңінде тұр.

Министрлік барлық шешімдер экономикалық тиімділік, экологиялық қауіпсіздік және халықаралық құқықтық міндеттемелер ескеріле отырып қабылданатынын атап өтті.

«Жобаны іске асыру мерзімі техникалық-экономикалық және экологиялық зерттеулердің нәтижесіне, сондай-ақ жобаға қатысушылардың қызығушылық деңгейіне тікелей байланысты», – деп мәлімдеді Энергетика министрлігі.

Транскаспий бағыты маңызды бола түсуі мүмкін

Министрлік дерегінше, Қазақстан Каспий маңы елдерімен қолданыстағы келісімдер мен консенсус қағидаттары негізінде ынтымақтастықты қолдайды.

Ведомство Транскаспий бағытын дамыту елдің мұнай экспортын әртараптандыру саясатының перспективалы бағыттарының бірі ретінде қарастырылып отырғанын жеткізді.

Бұған дейін Энергетика министрлігі Қазақстанның мұнай транзитін «Дружба» жүйесін айналып өту арқылы қайта бағыттау жоспарлары туралы да айтқан еді.