Атырауда бұрынғы жұбайының ата-анасы мен бауырларын өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемалиевке қатысты екінші сот отырысы өтті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
СОТ ТЕРГЕУІ
Бұл жолы сот залына алғашқы тыңдалыммен салыстырғанда адам аз жиналғанымен, марқұмдардың туыстары, журналистер мен өңір тұрғындары істің барысын бақылауға келген.
Сәрсемалиев сотта сабырлы қалып сақтап, сұрақтарға қысқа әрі жинақы жауап берді.
Бүгінгі отырыста іс сот тергеуі сатысына өтті. Тергеу деректері бойынша, бұрынғы жұбайының інісі Наурыз Мұқанғалиев 10 жерінен пышақталған. Әкесі Мақсот Қарабалин – 9, анасы Нәсіп Өтешқалиева – 8 пышақ жарақатын алған. Ең ауыр соққы Мейрамгүл Қарабалиноваға тиесілі – 32 пышақ жарасы.
ӨЗІН-ӨЗІ ҚОРҒАУ?
Судья Зарема Хамидуллина сұрақ қойған кезде, айыпталушы барлық жарақаттарды өзі салғанын мойындады. Алайда Наурыз Мұқанғалиевтің өлімін ол өз-өзін қорғау әрекеті деп түсіндіруге тырысты.
– Айыппен келіспеймін, оны қасақана өлтірген жоқпын. Бұл өзімді қорғау үшін жасалды, – деді ол.
Дегенмен басқа эпизодтар бойынша айыпталушы кінәсін толық мойындады.
– Мен оларды Наурыздың өлімін жасыру үшін өлтірдім, – деп мәлімдеді Сәрсемалиев.
ЖӘБІРЛЕНУШІ ТАРАП НЕ ДЕЙДІ?
Жәбірленуші тарап айыпталушының уәжіне сенбейтінін айтты. Марқұм Мақсот Қарабалиннің әпкесі Әдемі Шілмағанбетова отбасының бұл іске араласпағанын және ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасына қарсы болмағанын жеткізді. Оның айтуынша, ажырасуға себеп болған – айыпталушының опасыздығы.
Тергеу нұсқасына сәйкес, алғашқы қылмыс 2025 жылдың мамырында жасалған. Сол кезде жанжалдан кейін Сәрсемалиев Наурыз Мұқанғалиевті өлтіріп, денесін үй маңына көміп тастаған. Кейін оның ата-анасы да өлтірілген, олардың денелері Жангелдин ауылындағы сарайдың еденінің астынан табылған.
Сонымен қатар, тергеу мәліметінше, айыпталушы кейін Мейрамгүл Қарабалинованы Атырауға алып келіп, оның мүгедектігін ескерместен, шындықты біліп қоюы мүмкін деген қауіппен өлтірген.
Бірнеше ай бойы қылмыс жасырын қалған. Прокуратура деректеріне сәйкес, айыпталушы осы уақыт ішінде марқұмдардың телефонын пайдаланып, олардың атынан хабарлама жіберіп, банк шоттарынан ақша шешіп отырған.
ҚЫЛМЫС ТАРИХЫ
Еске салайық, Атырау облысы Женгелдин ауылында тұратын Қарабалиндер отбасы 2025 жылдың желтоқсан айының соңында із-түзсіз жоғалып кеткен.
Кейін 66 жастағы Мақсот Қарабалин мен оның әйелі Нәсіп Өтешқалиеваның денелері өз үйлерінің ауласындағы шаруашылық құрылысының астынан табылды.
Сәрсемәлиев пен оның әйеліне халықаралық іздеу жарияланып, 2026 жылдың ақпанында Бали аралында ұсталған. Қазақстанға экстрадицияланғаннан кейін Сәрсемәлиев Қарабалиндердің ұлы мен қызының мәйіттері жасырылған орынды өзі көрсеткен. Олардың сүйектері Атырау маңындағы жалдамалы үйдің ауласынан табылды.