Қазақстан Ресеймен ядролық және радиациялық қауіпсіздікті реттеу саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге келді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҚҰЖАТТА НЕ ҚАМТЫЛҒАН?
Қазақстанның Атом энергиясы агенттігінің мәліметінше, осы саладағы ведомствоаралық ынтымақтастық жөніндегі іс-шаралар жоспарына Владимир Путиннің Астанаға мемлекеттік сапары аясында қол қойылған.
Құжаттың мақсаты – екі елдің салалық ведомстволары бұған дейін қол жеткізген уағдаластықтарды іс жүзінде жүзеге асыру.
– Жоспарда лицензиялау, бақылау-қадағалау қызметі салаларында тәжірибе алмасу, сарапшылық консультациялар өткізу, семинарлар ұйымдастыру, тағылымдамалардан өту және ядролық әрі радиациялық қауіпсіздікті реттеу мәселелері бойынша кәсіби ынтымақтастықтың өзге де түрлері қарастырылған, – деп мәлімдеді агенттік.
ҚАЗАҚСТАНДА НЕ ӨЗГЕРЕДІ?
Қазақстан заңнамасы елдегі алғашқы атом электр станциясын салу жоспарларына толық сәйкес келетіндей етіп жетілдіріледі.
Сондай-ақ Қазақстан АЭС қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы озық тәжірибелер мен тиімді тетіктерді зерделеп, енгізетін болады.
ПУТИННІҢ САПАРЫ
Еске салайық, Ресей басшысы 27 мамырда Қазақстанға ресми сапармен келді.
Кеше ол Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысты. Биыл Қазақстан төрағалық етіп отырған бұл жиынның басты тақырыбы – цифрлық даму қарқыны және одақ ішіндегі сауда кедергілерін жою үшін жасанды интеллектіні тәжірибеде қолдану.
Бұдан бұрын саясаттанушы Ғазиз Әбішев Путиннің Қазақстанға сапарының басты ерекшелігін атаған.