«Қазатомөнеркәсіп» топ-менеджерлерінің ақысын бес есеге арттырған

Ulysmedia
фото: ашық дереккөзден

Ұлттық атом компаниясы  Қазатомөнеркәсіп бірінші тоқсанға арналған қаржылық есебін жариялады. Көрсеткіштер көңіл көншітпейді. Десе де, топ-менеджерлердің жалақысы мен сыйақыларына қатысты ерекше өсім байқалады, деп хабарлайды ulysmedia.kz. 

Пайда азайған

Құжатта айтылғандай, жыл басынан бері «Қазатомөнеркәсіптің» жиынтық активтері шамамен 100 млрд теңгеге өсіп, 4,1 трлн теңгеге жеткен. Алайда компанияның тоқсандық табысы 28%-ға төмендеп, 154,2 млрд теңгені құраған. Ал таза пайда былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда екі еседен астам қысқарған: 2025 жылдың бірінші тоқсанындағы 31,9 млрд ф

Валюта бағамдарының айырмасынан болған шығындар да артқан: 2025 жылдың басындағы 374 млн теңгеден 2026 жылдың алғашқы айларында 755 млн теңгеге дейін өскен. Бірақ пайданың күрт төмендеуіне тек бұл ғана себеп емес — биыл уран сатылымы да азайған.

 «Топтың бірінші тоқсандағы қаржылық нәтижелеріне сатылым көлемінің төмен болуы және теңгенің АҚШ долларына қатысты нығаюы әсер етті. Соған қарамастан, компания жылдық қаржылық болжамдарын өзгеріссіз қалдырып отыр», — делінген. 

Сатылым төмендеп жатыр

Қазақстан уранының басты сатып алушысы әзірге АҚШ болып отыр. Ол жаққа шамамен 51,5 млрд теңгеге радиоактив металл жөнелтілген. Екінші орында — Ұлыбритания. 

Қытай биыл бірінші тоқсанда қазақстандық уран сатып алуды күрт қысқартқан: өткен жылғы 15,3 млрд теңгеден 5,6 млрд теңгеге дейін азайған. Ресейге жеткізілім де екі есе төмендеген — 4,1 млрд теңгеден шамамен 2 млрд теңгеге дейін. Ал былтыр қазақстандық уранның негізгі сатып алушыларының бірі болған Франция іс жүзінде сатып алуды тоқтатқан: 2025 жылдың қаңтар-наурызындағы шамамен 46 млрд теңгелік жеткізілім 2026 жылдың бірінші тоқсанында 179 млн теңгеге дейін құлаған. 

Есесіне басшылық байып жатыр

Қаржылық көрсеткіштердің нашарлауына қарамастан, «Қазатомөнеркәсіп» басқарушы құрамының табысы азаймаған. Керісінше, басқарма мүшелеріне, директорлар кеңесіне және басқа да топ-менеджерлерге төленетін сыйақылар бес еседен астам көбейген. 

Есепке сәйкес, 2026 жылдың бірінші тоқсанында компания басшылары жалақы, сыйақы және бонус ретінде жалпы 824 млн теңге алған. Салыстыру үшін, 2025 жылдың осы кезеңінде олар 156 млн теңге тапқан. Таза пайда 50%-дан астам төмендеген кезде сыйақының мұншалықты өсуіне не себеп болғаны құжатта түсіндірілмеген. 

Бұған дейін «Қазатомөнеркәсіп» 335,2 млрд теңге көлемінде дивиденд төлеуді жоспарлап отырғаны хабарланған еді.