Әлемге әйгілі саяатшы блогерлер Джошуа Платильеро мен Джо Хаттаб Қазақстанда жүр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Kazakh tourism ұлттық компаниясының хабарлауыншга, олардың елге келуіне Қазақстанның белгілі блогері, 2026 жылғы WIBA Awards халықаралық сыйлығының «Әлемнің үздік тревел-блогері» номинациясының иегері Дастан Мұхамедрахым мұрындық болған.
Сонымен, Алматыға иорданиялық режиссер әрі YouTube-креатор Джо Хаттаб және америкалық тревел-блогер Джошуа Платильеро келді. Бұл блогерлердің инстаграм мен тиктокта миллиондаған оқырманы бар. Сапар барысында блогерлер Шымбұлақ тау курортың көрікті жерлерін аралап, бейнетүсірілімдер жүргізеді. Жоба аясында олар Алматының табиғаты мен туристік мүмкіндіктерін халықаралық аудиторияға танытпақ.
“Халықаралық деңгейдегі контент жасаушылардың келуі Алматының заманауи туристік бағыт ретіндегі беделін арттырып, қаланың әлемдік цифрлық кеңістіктегі танымалдығын күшейтуге ықпал етеді”, – делінген хабарламада.
Джо Хаттаб – саяхат тақырыбындағы көркем әрі мазмұнды фильмдерімен халықаралық аудиторияға танылған тревел-блогер. Оның YouTube арнасына 20 миллионнан астам адам жазылған. Автордың шығармалары түрлі халықтардың мәдениетін тереңінен танытып, жоғары деңгейімен ерекшеленеді.
Джошуа Платильеро (Mega American) – әлемнің түкпір-түкпіріндегі табиғи және туристік орындар туралы бейнематериалдар дайындайтын америкалық тревел-креатор. Оның TikTok пен Instagram желілерінде миллиондаған оқырманы бар, жұмыстары әсерлі визуалды эстетикасымен танымал.
Сапар барысында блогерлер Дастан Мұхамедрахыммен бірлесіп, Алматының туристік мүмкіндіктерін дәріптейтін бейнетүсірілімдер жасайды.