"Шерулерді күшпен басқан": Австрияда Башар Асад генералының соты басталды

Ulysmedia
Вена Жоғарғы жер сотының ғимараты. Фото: Weingartner-Foto/picturedesk.com/picture alliance

Вена қаласында Башар Асад режимінің бұрынғы екі күштік құрылым қызметкеріне қатысты сот процесі басталды. Айыпталушылардың бірі — генерал. Олар 2010 жылдардың басында Сирияда үкіметке қарсы болған наразылық шерулерін күшпен басуға қатысқан деп айыпталып отыр. Соңғы жылдары бұл екі адам Австрияда босқын мәртебесін алған, деп хабарлайды Ulysmedia.

Толығырақ

Австрия прокуратурасы 64 жастағы генералы Халед әл-Х пен 54 жастағы Мусаб Абу Р-ге оппозиция өкілдерін азаптады, олардың денсаулығына ауыр зиян келтірді және жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық жасады деген айып тағып отыр.

Тергеу нұсқасына сәйкес, кейбір жағдайларда олар ұсталғандарға жеке өздері қатыгездік көрсеткен, ал басқа жағдайларда мұндай әрекеттерді жасауға бұйрық берген.

Башар Асад режимі тұсында Халед әл-Х  Сирия арнайы қызметінің генералы болған. Ал Мусаб Абу Р қылмыстық полицияда жұмыс істеген.

Германияның Еуропаның конституциялық және адам құқықтары орталығының мәліметінше, Халед әл-Х Еуропада ұсталған Башар Асад режимінің ең жоғары лауазымды өкілдерінің бірі.

Генерал Халед әл-Х Австрияға 2015 жылы Израильмен арадағы келісім негізінде жеткізілген. Бірақ сол уақыттан бері ол сотқа тартылмаған. Керсінше, Австрияда босқын мәртебесін алған. Мусаб Абу Р елде босқын ретінде тұрып жатыр.

Сотта екеуі де өзіне тағылған айыпты мойындамаған. Кінәлары дәлелденсе, Австрия заңы бойынша 10 жылға дейін сотталуы мүмкін. Алдағы аптада сотта 18 жәбірленуші жауап береді.