Астанада іске қосылған Smart Class цифрлық сыныбы оқушылардың үлгерімін арттырып қана қоймай, ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың мектепке деген қызығушылығын оятты. Жобаны жүзеге асырушылардың мәліметінше, сынаққа қатысқан сыныптың жалпы үлгерімі екі ай ішінде орта есеппен 32%-ға жақсарған.
Қазақстандағы алғашқы интеллектуалды сынып
«TopIQ: Smart Class 2.0» жобасы TopIQ IT компаниясы мен «Алматыкітап баспасының» бірлескен бастамасы ретінде әзірленген. Жоба биыл сәуір айында Астана қаласындағы №99 мектепте пилоттық режимде іске қосылды.
Жүйе мұғалімнің смарт-панелін, интерактивті тақтаны және әр оқушыға арналған цифрлық партаны бір ортаға біріктіреді. Смарт-парта оқушының оқу қарқынын, сабаққа қызығушылығын және шаршау белгілерін талдап, білім беру процесін жеке қажеттілікке бейімдей алады.
Жобаны әзірлеушілердің айтуынша, Smart Class Қазақстанда жасанды интеллектіні орта білім беру жүйесіне енгізудің ұлттық үлгісі ретінде қарастырылып отыр.
Ерекше баланың өміріндегі өзгеріс
№99 мектептің бастауыш сынып мұғалімі Жанат Найманғазинованың айтуынша, жоба іске қосылғаннан кейін оқушылардың сабаққа ынтасы айтарлықтай артқан.
– Сынаққа қатысқан 25 оқушының үлгерімі жақсарды. Ең әсерлі өзгеріс ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар арасында байқалды. Солардың бірі бұған дейін қашықтан оқып келген еді. Smart Class ашылғаннан кейін мектепке келіп оқуды таңдады және сабақтан қалмайтын болды. Баланың анасы бұған қатты таңғалып, қуанышын жасырмады, – дейді мұғалім.
Оның сөзінше, тағы бір ерекше оқушының шығармашылық қабілетінде де оң өзгерістер байқалған. Бұрын суреттерінде көбіне күңгірт түстерді қолданатын бала қазір жарқын әрі ашық түстерге көбірек мән бере бастаған.
Инклюзивті білім беруге басымдық
«Алматыкітап баспасының» президенті Гауһар Саймасаева Smart Class жобасының басты мақсатының бірі – білім беру саласындағы инклюзия мәселесін шешу екенін айтады.
– Smart Class ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар мен өзге оқушылардың бір ортада тең дәрежеде білім алуына мүмкіндік береді. Бұл – жасанды интеллект технологияларын пайдалана отырып құрылған заманауи білім беру ортасы, – деді ол.
Жоба авторларының айтуынша, жүйе оқушының жеке деректерінің қауіпсіздігін сақтауға, денсаулығына зиян келтірмеуге және білім алуды дараландыруға бағытталған.
Білім берудегі жаңа мүмкіндік
Smart Class тек мектептегі оқу процесімен шектелмейді. Үй тапсырмаларын орындау және қашықтан білім алу мүмкіндіктері де TopIQ платформасына біріктірілген. Сондықтан жоба шалғайдағы ауыл мектептері мен шағын жинақты білім беру ұйымдары үшін де пайдалы болуы мүмкін.
Оқу жылының соңында шығарылған алғашқы қорытындылар цифрлық сыныптың оқушылардың үлгеріміне, әлеуметтік бейімделуіне және білімге қызығушылығына оң әсер еткенін көрсетті.
Жоба авторлары Smart Class технологиясы болашақта еліміздің басқа мектептерінде де енгізілуі мүмкін екенін атап өтті.