Қосшыда 10 жасар бала суға батып кетті

Ulysmedia
Фото: Ақмола облысы ТЖД

Ақмола облысында бір күн ішінде балалардың қатысуымен су айдындарында екі оқиға болды. Оның бірі қайғылы аяқталды. Қосшы қаласында 10 жастағы бала суға батып кетті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, қайғылы оқиға 3 маусым күні Қосшы қаласында болған. Құтқарушылардың мәліметінше, бала досымен бірге суға түсуге арналмаған Нұра–Есіл каналына шомылуға барған. Аталған аумақта шомылуға тыйым салатын белгілер орнатылған.

«Астана қаласы ТЖД жедел-құтқару жасағының күшімен баланың денесі табылып, судан шығарылды», – деді Ақмола облысы ТЖД ресми өкілі Ерсайын Қойшыбаев.

Сол күні тағы бір оқиға Зеренді ауданында тіркелді. Онда бақылаусыз қалған, «Д» есебінде тұрған бала жоғалып кеткен.

Баланың аяқ киімі жағадан табылғаннан кейін құтқарушылар суасты іздеу жұмыстарына дайындала бастаған. Алайда кейінірек бала аман-есен табылды. Белгілі болғандай, ол өз бетінше жағалау бойымен серуендеп кеткен.

Құтқарушылар ата-аналарға балаларды су айдындарының маңында қараусыз қалдырмау қажеттігін тағы да еске салып, тек арнайы жабдықталған орындарда ғана шомылуға болатынын атап өтті.

«Балаларды су жағасында қараусыз қалдырмаңыздар. Шомылуға тек арнайы белгіленген орындарда ғана рұқсат етіледі», – деп үндеу жасады тұрғындарға ТЖД қызметкерлері.