Алматылық блогер балалық шағында әкесі зорлағанын айтты

Ulysmedia
Видеодан скрин

Әлеуметтік желілерде Лёля Берг есімімен танымал Элеонора балалық шағында әкесінің тарапынан жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық көргенін ашық айтып, істі қайта тергеуге қол жеткізуге тырысып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Оның айтуынша, заңға қайшы әрекеттер оған алты мен тоғыз жас аралығында жасалған.

Қоғамда қызу талқыланған оқиғаға оның әкесімен болған әңгімесінің видеосы себеп болды. Видеода Элеонора өткен оқиғалардың өзінің өмірі мен психологиялық жағдайына ауыр әсер еткенін жеткізеді. Ал әкесі айтылған айыптауларды мойындамай, оларды жоққа шығарады.

Элеонораның айтуынша, ол ұзақ жылдар бойы болған жағдай туралы қорқыныш пен қоқан-лоқының салдарынан ешкімге айтпаған. Оның сөзінше, ол тек өзі үшін ғана емес, жақын туыстары үшін де алаңдаған.

«Ол бұл туралы білгендердің бәрін өлтіремін деп қорқытатын. Кейін өзіне де бірдеңе істейтінін айтатын. Мен кішкентай бала болғандықтан, соған сеніп, қатты қорықтым. Сондықтан осы уақытқа дейін үндемедім. Қазір мен 23 жастамын және бұл жүкпен өмір сүру маған өте ауыр», – деді Элеонора.

Блогер бұған дейін де видеоүндеу жариялап, басынан өткен жағдайды алғаш рет егжей-тегжейлі баяндаған болатын. Оның сөзінше, бірнеше жыл бұрын тергеу жүргізуге талпыныс жасалғанымен, дәлелдердің жеткіліксіздігіне байланысты іс нәтиже бермеген.

Элеонора қазіргі уақытта тергеу аясында қажетті сараптамалар мен басқа да іс-шараларға қатысып жатқанын айтты. Оның айтуынша, құқық қорғау органдары істің мән-жайын қайта қарап жатыр.

Материал жарияланған сәтте құқық қорғау органдары мен екінші тараптан ресми түсініктеме берілген жоқ.