Ақтөбеде домбыраны ібілістің жыныс мүшесіне теңеген ер адам сотталды

Ulysmedia
фото автордан

Ақтөбе соты 35 жастағы ер адамды 3 жылға бас бостандығынан айырды. Ол TikTok желісі арқылы дін қызметкерлерін ит деп тілдеп, ұлттық аспапты ер адамның жыныс мүшесіне теңеген,  деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бүгін Ақтөбе қалалық сотында қоғамда резонанс тудырған оқиғаға үкім шықты. 35 жастағы сотталушы Азат Қоныс діни алауыздық тудыру бабымен кінәлі деп танылды. 

“Қылмыстық кодекстің 174-бабы 1-бөлігімен айыпты деп талынып, 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылсын. Жазасын қауіпсіздігі орташа түзету мекемесінде өтесін”,- деді судья Жаслан Қайболдин. 

Тергеу мәліметіне сүйенсек, оқиға сәуір айында болған. 

“Тікелей эфир кезінде ұлттық, діни алауыздықты қоздыру мақсатында қазақтың екі ішекті аспабы домбыраны ер адамның мүшесіне теңеді. Сонымен бірге А. Қоныс тікелей эфир кезінде  әлеуметтік желісі арқылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын “тозақтың иттері” деп жануарға теңеді. А. Қоныс Қылмыстық кодекстің 174-бабы 1-тармағы бойынша құқықбұзушылық жасады. Сот талқылауы кезінде сотталушы өзіне тағылған айыпты толық мойындап, өкінді”,-деді прокурор Мадина Тасмағамбетова. 

Соттталушының өзі соңғы сөзде өкініш білдіріп, кешірім сұрады.

“Мен өз кінәмды толық мойындаймын. Домбыра туралы айтқаныма, Діни басқарма имамдарын “тозақтың иттері” дегеніме өкінемін. Бас бостандығымнан айырмай, шартты жаза беруді сұраймын. Мен “домбыра ібілістің мүшесі” деп айтқанмын. Өкінемін”,- деді сотталушы.

Сотталушының әкесі сот залында баласы үшін кешірім сұрады. Әкесі де, сотталушы да фото, видеода түрін көрсетуге қарсы болды.

Ардақ Ерубаева