544 мың адам: Мүгедектердің жәрдемақсы 10% өсті

Ulysmedia
Фото: istockphoto.com

Қазақстанда мүгедектігі бар адамдар мен атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтарды қолдау жүйесін жетілдіру жұмыстары жалғасуда,  деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, маңызды жаңалықтардың бірі – мүгедектікті сырттай, проактивті форматта белгілеу жүйесінің енгізілуі. Қазіргі таңда медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімшелеріне бармай-ақ, куәландырудың 45 пайыздан астамы онлайн түрде жүргізіледі.

“2026 жылдан бастап мүгедектік бойынша мемлекеттік жәрдемақылар 10 пайызға артты. Мүгедектік тобына байланысты төлем мөлшері 117 мыңнан 200 мың теңгеге дейін жетеді. Бұл жәрдемақыны 544 мыңнан астам адам алады”, – делінген хабарламада.

Сонымен қатар азаматтар Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы оңалту құралдары мен қажетті әлеуметтік қызметтерді өздері таңдай алады. Қазіргі уақытта 187 мыңнан астам адам техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз етілген, 25 мыңнан астам адам жеке көмекшілер қызметін, шамамен 8 мың адам ымдау тілі мамандарының қызметін алған, ал 44 мыңнан астам азамат шипажайда ем алуда.

Мемлекет сондай-ақ аз қамтылған отбасыларды атаулы әлеуметтік көмек арқылы қолдауды жалғастыруда. 2026 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша бұл көмек 34,5 мың отбасыға немесе 186 мың азаматқа тағайындалған. Оған 10,6 млрд теңге бағытталған.

Бұған қоса жұмыспен қамту бағдарламалары, кәсіби оқыту, кәсіпкерлікті қолдау және еңбек ұтқырлығын арттыру шаралары іске асырылып жатыр. Бұл халықтың табысын арттырып, өмір сүру деңгейін көтеруге мүмкіндік береді.