Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік ту көтеру рәсімінде сөйлеген сөзінде ұлттық рәміздердің мәртебесін арттыру мәселесіне тоқталып, Үкіметке тиісті өзгерістер әзірлеу тапсырылғанын мәлімдеді.
Президенттің айтуынша, таяу уақытта мемлекеттік рәміздерді орынды пайдалану мәселесіне қатысты қаулыға қажетті түзетулер енгізіледі.
«Ұлт рәміздерінің мәртебесін арттыру – аса маңызды мемлекеттік жұмыс. Таяу арада Үкімет мемлекеттік рәміздерді орынды пайдалану мәселесі бойынша қаулыға қажетті түзетулерді енгізеді. Ұлттық нышандарымызды ұлықтау – ортақ парыз, бұл – әр азаматтың міндеті. Түптеп келгенде, рәміздерді қастерлеу – мемлекетімізді құрметтеу деген сөз», – деді президент.
Тоқаев отаншылдық пен мемлекеттік рәміздерді құрметтеу өзара тығыз байланысты екенін атап өтті.
«Нағыз патриоттар ғана елдің көшін алға бастайды, жердің шетін жаудан қорғайды. Басқа сөзбен айтқанда, отаншылдық дегеніміз – жеріміздің қауіпсіздігі мен тұтастығының кепілі», – деді ол.
Мемлекет басшысы өз сөзінде конституциялық реформаларға да тоқталды. Оның айтуынша, жалпыұлттық референдум нәтижесінде қабылданған жаңа Конституция Қазақстанның дамуындағы жаңа кезеңнің басталуына жол ашты.
«Ата заңда халқымыздың сан ғасырлық арман-тілегі, мақсат-мұраты көрініс тапты. Кең байтақ жеріміздің тұтастығы, еліміздің егемендігі, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары басты құндылықтар ретінде айқындалды», – деді президент.
Сондай-ақ ол заң мен тәртіпті сақтау, білім мен ғылымды дамыту, жаңа технологияларды енгізу, табиғатты қорғау және волонтерлік қызметті қолдау конституциялық міндеттер қатарына енгізілгенін айтты.
Президенттің сөзінше, Конституцияда әрбір азаматтың мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге міндетті екені нақты көрсетілген.
«Ұлттық нышандарымызды қадірлеу – отаншылдық рухының ең биік өлшемі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.