«Макс» мессенджері App Store-дан жоғалып кетті

Ulysmedia
Фото: Yegor Aleyev/TASS/dpa/picture alliance

Ресейдің «ұлттық» мессенджері «Макс» Apple құрылғыларына арналған ресми қосымша дүкені App Store-дан жоғалып кетті,  деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

dw.com жазуынша, қосымша бұрыннан орнатқан пайдаланушылардың смартфондарында әлі жұмыс істеп тұр. Бұл туралы «Макс» әзірлеушісі VK компаниясы кеше хабарлады.

VK баспасөз қызметі Apple-ге сұраныс жібергенін және «мәселені жедел шешу бойынша жұмыс істеп жатқанын» мәлімдеді. Америкалық компания әзірге жағдайға қатысты ешқандай түсініктеме берген жоқ.

«Макстан» жаппай тыңшылық функциясы табылған

Ресей билігі Telegram мессенджеріне шектеу енгізілгеннен кейін «Максты» оның баламасы ретінде белсенді түрде насихаттап жатыр. Алайда «ұлттық» мессенджердің қауіпсіздігі мамандар тарапынан күмән тудырады.

Мәселен, мамыр айының ортасында zarazaex лақап атты анонимді бағдарламашы Habr платформасында «Макс» APK-файлына жүргізілген зерттеу нәтижелерін жариялаған. Онда ресейлік мемлекеттік мессенджер контактілер тізімін және телефонға орнатылған қосымшаларды жүктеп алуға, дыбысты жасырын жазуға, хат алмасу скриншоттарын жасауға және тіпті құрылғыдан хабарламаларды өшіруге қабілетті екені айтылған. Сонымен қатар зерттеу деректеріне сәйкес, мессенджер VPN қосулы болса,  нақты IP-адресті анықтай алады.

30 сәуірде ең ірі хостинг-провайдер Cloudflare «Макс» доменін «шпиондық бағдарламалық жасақтама» ретінде белгілегені белгілі болды. Алайда бұл белгілеу бір күннен кейін алынып тасталды. Бұған дейін дәл осындай санатқа Telega атты Telegram-ның бейресми клиенті де енгізіліп, кейін ол App Store-дан жойылған болатын.