Мұхамедиұлына қатысы бар 1,3 млрд теңгелік актив мемлекетке қайтарылды

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

«Қазақ энциклопедиясы» ЖШС-нің 100% үлесі мен оған тиесілі мүлік мемлекетке қайтарылды. Мұндай шешімді прокуратураның талап-арызы бойынша кассациялық сот қабылдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Қайтарылған активтің құны 1,3 млрд теңгеге бағаланған.

Тексеру барысында серіктестіктің 2015 жылғы жекешелендіруі заң бұзушылықтармен жүргізілгені анықталған. Осыдан кейін Алматы қаласының Әуезов ауданындағы көлемі 2 мың шаршы метрден асатын ғимарат пен оған тиесілі жер телімі ЖШС меншігінен шығарылған.

Кейіннен компанияны бұрынғы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлынің отбасымен байланысты құрылымдар бақылауына алған.

Әуезов аудандық прокуратурасы жекешелендіру туралы келісімді және одан кейін жасалған мәмілелерді сотта даулаған.

«Кассациялық соттың қаулысымен прокуратураның талап-арызы толық көлемде қанағаттандырылды. Құны 1,3 млрд теңге болатын актив мемлекетке қайтарылуға жатады», – деп хабарлады ведомство.

Мұндай жағдай алғаш рет емес

Биылғы қаңтар айында прокуратура мемлекет меншігіне Қазақ мәдениет ғылыми-зерттеу институтының қайтарылғанын хабарлаған болатын.

Сол кезде сот институт пен оның жылжымайтын мүлкін сату жөніндегі мәмілелердің күшін жойып, мемлекетке құны 300 млн теңгеден асатын активтерді қайтарған. Бұл істе де Арыстанбек Мұхамедиұлының есімі аталған.

Мұхамедиұлының ісі

Бұрынғы министр бірнеше сыбайлас жемқорлық қылмыстары бойынша сотталған.

2024 жылғы ақпанда оған бюджет қаражатын жымқыру, қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану, пара беруге оқталу, басқа да қылмыстар бойынша 11 жыл бас бостандығынан айыру жазасы түпкілікті тағайындалды.

Сондай-ақ оған өмір бойы мемлекеттік қызметте лауазым атқаруға тыйым салынды.