БЖЗҚ зейнетақы жинағын пайдалану шегін екі есеге дейін көтерді

Қалижан Бектемір
Коллаж: Ulysmedia.kz

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) 2026 жылға арналған жаңа жеткіліктілік шектерін жариялады. Осылайша, биыл зейнетақы жинағының артық бөлігін пайдалануға мүмкіндік беретін шек екінші рет өсіп отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Жаңа талапқа сәйкес, енді зейнетақы жинағындағы қаражаттың бір бөлігін пайдалану үшін азаматтардың шотында бұрынғыдан әлдеқайда көп қаржы болуы қажет. Мәселен, 20 жастағы қазақстандық үшін ең төменгі жеткіліктілік шегі 6,67 млн теңге болса, 30 жастағылар үшін – 9,75 млн теңге, ал 40 жастағылар үшін – 13,37 млн теңге болып белгіленді.

Егер шоттағы қаражат осы көрсеткіштерден төмен болса, азамат жинақтың артық бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсарту, емделу немесе өзге де мақсаттарға пайдалана алмайды.

ЖАҢА ШЕКТЕР ҚАЛАЙ ӨЗГЕРДІ?

БЖЗҚ жариялаған мәліметке сәйкес, жеткіліктілік шегі жас ұлғайған сайын өсіп отырады. Мысалы:

  • 20 жас – 6,67 млн теңге;
  • 25 жас – 8,15 млн теңге;
  • 30 жас – 9,75 млн теңге;
  • 35 жас – 11,49 млн теңге;
  • 40 жас – 13,37 млн теңге;
  • 45 жас – 15,40 млн теңге;
  • 50 жас – 17,59 млн теңге;
  • 55 жас – 19,95 млн теңге;
  • 60 жас – 22,50 млн теңге;
  • 62 жас – 23,57 млн теңге.

БИЫЛҒА ЕКІНШІ ӨСІМ ТҰР

Еске салсақ, 2026 жылдың қаңтар айында жеткіліктілік шектері 10 пайызға индекстеліп, алғаш рет көтерілген болатын. Ол кезде:

  • 20 жастағылар үшін – 3,72 млн теңге;
  • 30 жастағылар үшін – 5,12 млн теңге;
  • 40 жастағылар үшін – 6,72 млн теңге;
  • 50 жастағылар үшін – 8,57 млн теңге;
  • 60 жастағылар үшін – 10,7 млн теңге болған.

Алайда араға жарты жыл салып, жаңа есептеу әдістемесінің енгізілуіне байланысты көрсеткіштер тағы да айтарлықтай өсті.

ЖАҢА ӘДЕСТЕМЕ НЕНІ ЕСКЕРЕДІ?

БЖЗҚ мәліметінше, жеткіліктілік шегі енді күрделірек формула арқылы есептеледі. Онда азаматтың жасы, зейнетке шығуына дейінгі мерзімі, өмір сүру ұзақтығы, болашақ жарналары мен инвестициялық табысы ескеріледі.

Мұндай тәсіл адамның зейнет жасына жеткеннен кейін жеткілікті қаржымен қамтамасыз етілуін бағалауға мүмкіндік береді. Ал есептелген деңгейден асатын қаражат ғана «артық жинақ» ретінде танылып, оны пайдалануға рұқсат етіледі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев бұған дейін соңғы бес жылда қазақстандықтардың зейнетақы қорынан шамамен 5 трлн теңге шешіп алғанын айтқан болатын. Оның айтуынша, қаражаттың басым бөлігін жастар пайдаланған.

Министрдің пікірінше, бұл үрдіс болашақтағы зейнетақы көлемінің төмендеуіне әсер етуі мүмкін.

Кейбір азаматтардың жинағы жеткіліксіз. Болашақта олар тек 35 мыңнан 80 мың теңгеге дейінгі базалық зейнетақымен ғана өмір сүруге мәжбүр болуы ықтимал. Мұндай қаражатпен күн көру оңай емес, – деген еді министр.

ҚАНДАЙ ШЕКТЕУ БАР?

Соңғы уақытта зейнетақы жинағын пайдалану мақсаттарына қатысты талаптар да күшейтілуде. Мәселен, 4 желтоқсаннан бастап БЖЗҚ қаражатын офтальмологиялық емге жұмсауға тыйым салынды. Бұған дейін стоматологиялық қызметтерді төлеуге қатысты да бірқатар шектеулер енгізілген болатын.

Сарапшылардың пікірінше, жаңа өзгерістер азаматтардың зейнетақы жинағын сақтауға бағытталғанымен, көптеген қазақстандық үшін жинақтың артық бөлігін пайдалану мүмкіндігін едәуір шектейді.