АҚШ Мемлекеттік департаменті елге іскерлік немесе туристік виза алғысы келетін шетел азаматтары үшін жеделдетілген қызмет ұсынбақ, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Associated Press агенттігінің хабарлауынша, бұл қызмет негізгі 185 долларлық визалық алымнан бөлек қосымша 750 доллар тұрады.
Федералдық реестрде осы аптада жарияланатын хабарламада айтылғандай, Мемлекеттік департамент пилоттық бағдарламаны енгізіп, өтініш берушілерге қосымша төлем жасағаннан кейін 10 күн ішінде АҚШ-тың кейбір елшіліктері мен консулдықтарында сұхбатқа жазылуға мүмкіндік береді. Алайда «премиум деңгейдегі қосымша қызмет» үшін төлем жасау визаның берілуіне кепілдік бермейді.
Жеделдетілген қызмет көрсетілетін елшіліктер мен консулдықтар тізімі бағдарлама 1 шілдеде күшіне енгенге дейін жарияланады. Пилоттық бағдарлама 1 шілдеден 31 желтоқсанға дейін жұмыс істейді.
Бұл қадам АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігінің шетел азаматтарының елге кіруін қиындатуға бағытталған саясаты аясында қабылдануы мүмкін. Әкімшілік шетелдіктердің көші-қонын қатаң бақылауға алып, кейбір елдер үшін виза рәсімдеу кезінде 15 мың долларға дейін депозит талап етіп, соңғы жылдардағы әлеуметтік желілерді қоса алғанда, бірнеше жылдық жеке деректерді тексеруді енгізген. Бұл талаптар әлем бойынша виза өтініштерін өңдеу мерзімін ұзартып, шағымдардың көбеюіне себеп болған.
Визалық сұхбатқа жазылу уақыты визасыз кіру бағдарламасына кірмейтін елдердің азаматтары үшін бірнеше айға дейін созылуы мүмкін.