Жоғары аудиторлық палата 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Үкімет есебіне өз қорытындысын ұсынды. Құжат Мәжілістің пленарлық отырысында қаралды, деп хабарлайды Ulysmedia.
Толығырақ
Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов айтуынша, 2025 жылы бюджет жаңа Бюджет кодексі аясында орындалған. Соның нәтижесінде әкімшілерге көбірек дербестік берілген. Сонымен қатар бюджет процесіне қатысушылардың жауапкершілігі күшейтіліп, Парламент тарапынан бақылау артқан.
Дегенмен мемлекеттік аудиторлар бюджет процесін цифрландыру әлі де толық іске аспаған деген қорытындыға келген. Республикалық бюджет қаражаты тек екінші деңгейге дейін ғана бақыланады, ал олардың тиімділік көрсеткіштері қолданыстағы ақпараттық жүйелерде толық көрініс таппаған.
«Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстары толық интеграцияланбаған. Жергілікті атқарушы органдар мен орталық мемлекеттік органдардың деректері кейбір жағдайларда салыстыруға келмейді. Шығыстарда басымдық беру проблемалары сақталып отыр», — деді Әлихан Смайылов.
2025 жылы бюджет қаражатының үлкен бөлігі 2,4 трлн теңге қайта бөлінген. Яғни бастапқы жоспар өзгеріп, қаражат басқа бағыттарға ауыстырылған. Кейбір мекемелер жоспарланған қаржының 90%-ына дейін қайта бөлген.
Сол жылы құны 75 млрд теңге болатын 99 жоба мүлде тоқтатылған. Жоспарланған 600-ден астам жобаның 20%-дан астамы орындалмаған.
“Сонымен қатар бюджет ақшасын тиімсіз пайдалану көлемі 2024 жылмен салыстырғанда 1,7 есе артқан. Яғни ақша жұмсалғанымен, күткен нәтиже шықпаған”, – деді ол.
Кейбір көрсеткіштер де орындалмаған.Орталық деңгейде жоспарлардың шамамен 5%-ы, өңірлерде 33%-ы орындалмаған. Жалпы ел бойынша 11 ұлттық және 30-дан астам мақсатты көрсеткішке қол жеткізілмеген.
“Мемлекеттік аудиторлардың есебінше, ЖІӨ болжамының 9 трлн теңгеге асыра орындалғанына қарамастан, бюджетке 335 млрд теңге түспеген. Бұл жоспарлаудағы кемшіліктер мен салықтық түсімдерді шамадан тыс оптимизммен болжау салдарынан орын алып отыр”, – деді Әлихан Смайылов.
Жоғары аудиторлық палатаның (ЖАП) мәліметінше, жоғары салық түсімдерін көрсету үшін үкімет осы жылдың қаражатын «алдын ала пайдаланып қойған».
“Аудиторлардың бағалауынша, 2026 жылғы төлемдердің 154 млрд теңгесі 2025 жылға алынып, 900 млрд теңгеге жуық қосылған құн салығы қайтарылмаған. Алайда бұл бюджеттің кіріс және шығыс бөліктерінің балансын қамтамасыз етпеген. 2025 жылдың қорытындысы бойынша жоспарланған 244 млрд теңге бөлінбеген және едәуір кредиторлық берешек қалыптасқан”, – деді ол.