Еуропа одағы Арменияға сауда жеңілдіктерін беретін шаралап қабылдауды қарастырып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.
Еуроодақтың қолдауы
Еуропалық одақ Ресейдің Арменияға қарсы импортқа енгізген шектеулерінің салдарын жеңілдету мақсатында Ереванға арналған шұғыл сауда жеңілдіктерін әзірлеуде. Бұл бастама Брюссель мен Мәскеу арасындағы Армения болашағына ықпал ету жолындағы бәсекенің күшеюі аясында қолға алынып отыр.
The Financial Times басылымының жазуынша, Еуропалық комиссия Армениядан жеткізілетін азық-түлік және ауыл шаруашылығы өнімдеріне салынатын кедендік баждарды төмендетуді көздейтін автономды сауда шараларын әзірлеп жатыр. Бұл бастама Ресейдің Армениядағы парламент сайлау қарсаңында енгізген импорттық шектеулеріне жауап ретінде ұсынылып отыр.
– Қазір Арменияны қолдап, сенімді әріптес бола алатынымызды дәлелдейтін уақыт келді. Оларға дос қажет, ал біз өз көршілеріміздің тұрақтылығын қорғауға мүдделіміз», – деген The Financial Times-қа мәселеден хабардар дереккөздерінің бірі.
Басылым дерегінше, бұл шаралар күшіне енуі үшін оны Еуроодаққа мүше мемлекеттердің басым бөлігі және Еуропарламент мақұлдауы қажет. Жоспарланған жеңілдіктер Ресей тыйым салған шамамен 20 санаттағы тауарды қамтиды. Олардың жылдық құны шамамен 420 миллион еуроны құрайды.
Жеңілдіктерге қатысты келіссөздерді Еуроодақ сыртқы істер министрлігі Армения тарапымен 15 маусымда Люксембургте талқылаған. Еуроодақтың кеңею жөніндегі комиссары Марта Кос шілденің басында Ереванға барады деп жоспарлануда.
– Еурокомиссия Армения кәсіпкерлерінің Еуроодақ нарығына шығуына жаңа мүмкіндіктер ашатын әрі ел экономикасының ең көп зардап шеккен салаларын қолдайтын автономды сауда шараларын ұсынады, – деді Еурокомиссия ресми өкілі Олоф Гилл Financial Times басылымына.
Армения Ресей жетекшілік ететін Еуразиялық экономикалық одаққа мүшесі. Бұл Ереванға Еуроодақпен сауда келісімдерін жасауға кедергі болуы мүмкін.
Путин мен Пашинянның текетіресі
Армения кейінгі жылдары сыртқы саясатта Еруоодаққа бет бұрды. 2025 жылы наурызда ел парламенті «Арменияның Еуропа одағына кіру процесін бастау» туралы заң жобасын қабылдады. Биыл мамырда алғаш рет Ереванда «Еуропа саяси қауымдастығы» мен «Еуроодақ-Армения» саммиті өтті.
Оқи отырыңыз: Кавказ бен Орталық Азия: Еревандағы саммит Путиннің геосаяси жеңілісі ме?
Пашинянның Еуроодақпен жақындасуын Мәскеу салқын қабылдады. Ресей президенті Владимир Путин Армениядағы жағдайды Украинамен салыстырып, «дағдарыс басталғандағы оқиғаларды еске салады» деп сес көрсетті. Пашинян Арменияның Ресеймен қарым-қатынасын үзуге ниеті жоғын айтқан. Ереванның жүргізіп отырған саясаты дәл қазір бір-біріне қайшы келмейтінін мәлімдеген. Сайлау қарсаңында Ресей Армениядан келетін алкоголь, гүл, балық, ауыл шаруашылығы өнімдеріне шектеу қойып, елге кіргізуден бас тартқан.7 маусымда өткен парламент сайлауында Никол Пашинянның «Азаматтық келісім» партиясы тағы да жеңіске жетті.