АҚШ елшілігі 10 жылға виза алуға қатысты маңызды мәлімдеме жасады

Ulysmedia
Фото: pexels

Қазақстандағы АҚШ елшілігі виза алу тәртібіне қатысты маңызды мәлімет жариялады, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Толығырақ

Қазақстандағы АҚШ елшілігінің баспасөз хатшысы Кристофер Соренсен АҚШ визасын алу үдерісіне қатысты маңызды жайттарды түсіндірді. Ол АҚШ визасын алу рәсіміне қатысты жиі кездесетін қате түсініктерге түсініктеме берді.

Оның айтуынша, АҚШ визасын алу мүмкін емес деген пікір шындыққа жанаспайды. Жыл сайын Қазақстаннан мыңдаған азамат виза рәсімдеп, АҚШ-қа сапар шегеді. Сонымен қатар Қазақстан – Орталық Азияда азаматтарына 10 жылға дейінгі мерзімге АҚШ визасы берілетін жалғыз ел.

Елшілік өкілі визалық агенттіктердің көмегіне жүгіну міндетті емес екенін де атап өтті. Көптеген өтініш берушілер құжаттарын өздері тапсырып, сұхбаттан сәтті өтеді. Оның сөзінше, кейбір делдалдар мақұлдау мүмкіндігін арттыру үшін жалған ақпарат көрсетуге кеңес беруі мүмкін. Мұндай жағдайда виза беруден бас тартылып қана қоймай, болашақта АҚШ визасын алу мүмкіндігінен айырылу қаупі бар.

Сондай-ақ сұхбатқа көптеген құжат жинау қажет деген түсінік те дұрыс емес. Көп жағдайда төлқұжат, DS-160 сауалнамасының растамасы, сұхбатқа жазылу құжаты және фотосурет жеткілікті болады. Қосымша құжаттар тек қажет болған жағдайда ғана сұратылады.

Кристофер Соренсеннің айтуынша, Қазақстандағы үміткерлер сұхбатты қазақ, орыс немесе ағылшын тілдерінде тапсыра алады. Алайда студенттік және кейбір жұмыс визалары үшін ағылшын тілін меңгергенін дәлелдеу талап етіледі.

Елшілік өкілі бұрын виза берілмеген азаматтардың қайта өтініш беру мүмкіндігі сақталатынын да айтты. Егер өтініш берушінің жағдайы өзгерсе және барлық мәлімет шынайы көрсетілсе, өтініш қайта қаралады.

Сонымен бірге ол B1/B2 санатындағы туристік визаның АҚШ-та жұмыс істеуге құқық бермейтінін еске салды. Бұл виза тек туризм мен қысқа мерзімді іскерлік сапарларға арналған. Виза талаптарын бұзу депортацияға және елге кіруге тыйым салуға әкелуі мүмкін.

Елшілік азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге және құжат тапсыру кезінде тек нақты әрі шынайы мәлімет ұсынуға шақырды.