Польшада ресейлік суретші-акционист Семен Скрепецкийді өлтіруге қатысы бар деген күдікпен бір адам ұсталды. Бұл туралы Польша премьер-министрі Дональд Туск мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.
Толығырақ
– Люблин полициясы мен Ішкі қауіпсіздік агенттігі (ABW) Бяла-Подляска қаласында Ресей азаматын өлтірді деген күдікке ілінген адамды ұстады», – деп жазды Туск 18 маусым күні X әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
Дональд Тусктің айтуынша, ұсталған күдікті Грузия паспортымен жүрген. Қазіргі уақытта Польшаның құқық қорғау органдары шабуылды ұйымдастырды деген адамның жеке басын анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Бұған дейін Туск бұл қылмысты «саяси кісі өлтіру» деп атаған болатын. Оның айтуынша, егер бұл нұсқа расталса, онда аталған іс аса ауыр әрі халықаралық деңгейдегі қылмыс ретінде қарастырылатын болады.
Полицияның мәліметінше, ұсталған адам 36 жастағы Грузия азаматының атына рәсімделген паспортты пайдаланған. Алайда бұл оның шынымен Грузия азаматы екенін білдірмейді. Тергеу оның нақты жеке басын және құжаттың шынайылығын анықтап жатыр.
Контекст
44 жастағы Семен Скрепецкий (шын есімі – Роберт Кузовков) 2021 жылдан бері Польшада тұрады. Биыл 15 маусымда Бяла-Подляска қаласындағы автотұрақта өлтірілген. Оған қарсы бе рет оқ атылған. The Insider басылымының мәліметінше, қаза болар алдында суретші өзіне қауіп-қатер төніп тұрғанын, қоқан-лоқы жасалып жатқанын айтқан.
Оқиғадан кейін Польша полициясы Беларусьтің екі азаматын ұстаған. Алайда тергеу қылмысқа қатысы барын растамағандықтан, олар куәгер ретінде жауап беріп, кейін босатылды.
Семен Скрепецкий Ресей билігін әжуалайтын саяси, сатиралық және соғысқа қарсы карикатураларымен, сондай-ақ перформанстарымен танымал болған. Ол көбіне Ресей президенті Владимир Путин мен Иосиф Сталинді әжуалайтын суреттер салған. Сонымен қатар әлеуметтік желілердегі жазбалары мен шығармаларында Александр Лукашенконы, Алексей және Юлия Навальныйларды, соғысты қолдайтын ресейліктерді және Украина тұрғындарын да сатира нысанына айналдырған.
Соңғы уақытта Скрепецкийдің жұмыстарының едәуір бөлігі Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров пен оның жақын серіктерінің бірі Апти Алаудиновқа арналған. «Важные истории» Telegram-арнасының хабарлауынша, бұл карикатураларда Қадыров түрлі қорлайтын және арандатушылық сипаттағы бейнелерде көрсетілген. Осы жұмыстарынан кейін суретшіге бірнеше рет қоқан-лоқы жасалғаны айтылды.
Мамыр айының басында Скрепецкий Берлиндегі Бранденбург қақпасы алдында перформанс өткізіп, аяғына шәркей киіп, шалбарына Ресей туын байлап шыққан. Қолындағы картинада Иосиф Сталиннің Владимир Путинді бесікке бөлеп отырғаны бейнеленген.
Сондай-ақ мамыр айында ол Венеция биенналесінде Ресей павильонының ашылуына қарсы өткен наразылық акциясына қатысқан. Ал 12 маусымда Берлиндегі Ресей елшілігінің алдында өткен акция кезінде Ресейдің мемлекеттік туын қоқыс жәшігіне тастаған.