Сыртқы істер министрлігі Вьетнам шетел азаматтарының келуі туралы алдын ала хабарлау жүйесін (Pre-arrival Information, PAI) тестілік режимде енгізгенін хабарлады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Вьетнам тарапының мәліметінше, жаңа жүйе шетел азаматтарына сапарға шықпас бұрын онлайн режимде Вьетнамға келуі туралы ақпарат жіберуге мүмкіндік береді. Ұсынылған деректер негізінде көші-қон қызметі алдын ала қажетті тексерулер жүргізеді. Бұл шекаралық бақылаудан өту уақытын қысқартып, халықаралық әуежайларда кезектердің азаюына ықпал етеді.
“Қазіргі уақытта бұл жүйе Хошимин қаласындағы Таншоннят халықаралық әуежайында пилоттық режимде жұмыс істеп жатыр. Алдағы уақытта оны Нойбай, Дананг, Камрань және Фукуок халықаралық әуежайларында, сондай-ақ мемлекеттік шекарадағы басқа да өткізу бекеттерінде кезең-кезеңімен енгізу жоспарланған”, деп хабарлайды Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар ведомство атап өткендей, PAI жүйесі Вьетнамға кіру үшін міндетті талап болып табылмайды және визалық өтініштерді рәсімдеу немесе қарастыру функциясын атқармайды. Бұл жүйе тек сапар туралы алдын ала ақпаратты ұсынуға арналған.
“Вьетнам билігі шетел азаматтарына тек ресми prearrival.immigration.gov.vn порталы арқылы ғана пайдалануды ұсынып, интернеттегі алаяқтық сайттардан сақ болуды ескертеді”, – делінген ақпаратта.