Қазақстандық дәрігерлер бір апта бойы Ауғанстан тұрғындарын тегін емдейді

Сырым Қаржас
Экономика министрлігі

Қазақстан Ауғанстанға кезекті гуманитарлық көмек партиясын жөнелтті. Жүкпен бірге Кабул қаласына еліміздің жетекші медициналық мекемелерінен тоғыз дәрігер де барды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Жалпы гуманитарлық көмектің салмағы – 318,8 тонна. Оның негізгі бөлігі – 300 тонна қант. Бұдан бөлек, Ауғанстанға 1,8 тонна дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар, 100 жазғы шатыр төсек-орын жабдықтары және басқа да алғашқы қажет заттары жеткізілді. Жүктің басым бөлігі теміржол арқылы Балх провинциясына тасымалданса, дәрі-дәрмектің бір бөлігі қазақстандық делегациямен бірге ұшақ арқылы жеткізілді.

Қазақстандық делегация құрамында педиатрлар, хирургтер, гастроэнтерологтар, травматологтар және өзге де саланың мамандары бар тоғыз дәрігер жұмыс істейді. Олар бір апта бойы жергілікті тұрғындарға кеңес беріп, медициналық көмек көрсетеді әрі ауғанстандық әріптестеріне шеберлік сабақтарын өткізеді.

БҰҰ мәліметінше, бүгінде Ауғанстанның 45 миллион халқының шамамен 30 миллионы гуманитарлық көмекке мұқтаж. Әсіресе, балалардың жағдайы қиын: бес жасқа дейінгі 1,3 миллионға жуық бала дұрыс тамақтанбау салдарынан емдеуді қажет етеді.

Қазақстан Орталық Азия елдері арасында Ауғанстанға ең көп гуманитарлық көмек көрсететін мемлекет болып қала береді. Еліміз бұл мемлекетке 20 жылдан астам уақыт бойы қолдау көрсетіп келеді, ал 2021 жылдан бері көмек тұрақты түрде жалғасып жатыр. Осы уақыт ішінде Қазақстан ондаған мың тонна азық-түлік, дәрі-дәрмек және алғашқы қажеттілік тауарларын жөнелткен.

Қазақстанның Ауғанстандағы алғашқы медициналық миссиясы 2025 жылдың қараша айында өткен болатын. Сол кезде 13 қазақстандық дәрігер 10 күн ішінде 44 ота жасап, 100-ден астам науқасқа көмек көрсеткен.