Эйфель мұнарасының бір бөлігі аукционда 450 мың еуроға сатылды

Сырым Қаржас
Pixabay.com

Францияда аукцион барысында Эйфель мұнарасының түпнұсқа бұрандалы баспалдағының бір бөлігі шамамен 450 мың еуроға сатылды. Лоттың қорытынды бағасы бастапқы бағасынан бірнеше есе жоғары болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Аукционда биіктігі шамамен 2,7 метр, 14 сатыдан тұратын баспалдақ бөлігі сатылды. Сауда басталар алдында оның құны 120-150 мың еуро деп бағаланған еді. Аукцион жеңімпазының аты-жөні жарияланбады.

Сатылған баспалдақ бөлігі кезінде Эйфель мұнарасының екінші және үшінші қабаттарын жалғап тұрған. Дәл осы бұрандалы баспалдақпен 1889 жылғы Дүниежүзілік көрменің алғашқы келушілері көтерілген. Мұнараны көрме үшін инженер Гюстав Эйфель салған.

Құрылымның салмағы – шамамен 1,4 тонна. Ол 40 жылдан астам уақыт жеке коллекцияда сақталған. Аукцион алдында баспалдақ Эйфель мұнарасын күтіп ұстайтын мамандардың қатысуымен қалпына келтірілді.

1983 жылы Эйфель мұнарасын жаңғырту барысында бұл баспалдақ бөлшектелді. Ол келушілер үшін қауіпті деп танылып, орнына заманауи лифттер орнатылды.

Бөлшектелгеннен кейін баспалдақ әртүрлі көлемдегі 24 бөлікке бөлінді. Қазір оның бөліктері әлемнің түрлі музейлерінде, жеке коллекцияларда, сондай-ақ Disneyland саябағында сақтаулы. Ал бір бөлігі Бостандық мүсінінің жанында орнатылған.

Эйфель мұнарасы 1889 жылғы Дүниежүзілік көрмеге арналып салынған. Бастапқыда ол уақытша құрылыс ретінде қарастырылып, көрме аяқталған соң бұзылуға тиіс болған. Алайда уақыт өте келе мұнара Париждің басты символына айналды.