Брюссельдегі келісім: Ақтөбе-Ұлғайсын жолын салуға ЕҚДБ қаржы береді

Ulysmedia
Фото: gov.kz

Брюссельде елдегі маңызды жол жобаларының бірі – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің учаскесін қайта жаңарту бойынша келісімге қол қойылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы Еуропалық қайта құру және даму банкінен 229,5 млрд теңге көлемінде қарыз тартты. Келісімге компанияның басқарма төрағасы Дархан Иманашев қол қойды.

Жоба аясында Ақтөбе облысындағы автожолдың жалпы ұзындығы 234 шақырым болатын бөлігі қайта жаңартылады. Жаңғырту жұмыстарынан кейін жол төрт жолақты болып, асфальтбетон төселеді. Сондай-ақ көліктердің қозғалыс жылдамдығы сағатына 120 шақырымға дейін жетеді.

Бұл жол учаскесі халықаралық маңызы бар «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінің құрамына кіреді. Сондықтан оның жаңартылуы Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттырып, Еуропа, Орталық Азия және Қытай арасындағы көлік қатынасын жақсартуға мүмкіндік береді.

«Еуропалық қайта құру және даму банкімен келісімге қол қою – елдегі ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірін іске асырудағы маңызды қадам. Бұл тек жолды қайта жаңарту ғана емес. Бұл – Қазақстанның транзиттік әлеуетіне, жол қозғалысы қауіпсіздігіне, Ақтөбе облысының дамуына және еліміздің Еуразиядағы негізгі көлік торабы ретіндегі рөлін нығайтуға салынған инвестиция. Жоба аяқталғаннан кейін аталған учаске халықаралық дәліздің өткізу қабілетін арттыратын, бизнеске, логистикаға және өңір тұрғындарына жаңа мүмкіндіктер ашатын заманауи төрт жолақты магистральға айналады», –дейді ұлттық компания басшысы Дархан Иманашев.

Жобаның жалпы құны 523 млрд теңгені құрайды. Қаржыландыру Еуропалық қайта құру және даму банкі мен Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің қолдауымен жүзеге асырылады.

Мамандардың айтуынша, жолды жаңарту нәтижесінде көлік қозғалысы қауіпсіз бола түседі, жол жүру уақыты қысқарып, тасымалдау шығындары азаяды. Есеп бойынша, жаңартылатын учаскеден өту уақыты шамамен 1,4 сағатқа қысқарады.