Сот ҚазТАГ ақпарат агенттігіне қатысты қылмыстық іс бойынша тараптарға бұқаралық ақпарат құралдарына пікір білдіруге тыйым салды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Бұл туралы «Курсив» басылымы Freedom Finance компаниясының адвокатына сілтеме жасап хабарлады.
«Процеске қатысушы барлық тараптарға іс аяқталғанға дейін істің мән-жайын жариялауға және бұқаралық ақпарат құралдарына түсініктеме беруге тыйым салынды. Қорғаушы тарап ретінде біз соттың процессуалдық нормалары мен талаптарын қатаң сақтауға міндеттіміз», – деді адвокат Александр Камендровский басылымға берген сұхбатында.
Сейсенбі күні судья Ернар Қасымбеков сот отырысын 29 маусымға қалдырды. Бұған айыпталушы, ҚазТАГ бас редакторы Әмір Қасеновтің денсаулығына байланысты процеске толық қатыса алмауы себеп болған.
Контекст
Былтыр желтоқсанның басында ҚазТАГ басшысы Әсет Матаев пен ҚазТАГ агенттігінің бас редакторы Әмір Қасенов "көрінеу жалған ақпарат таратты" деген күдікке ілінген. Жуырда сот Әмір Қасеновті үйқамақтан абақтыға ауыстырған.
10 маусымда Әмір Қасеновтың медиациялық келісімге келуге дайын екендігі туралы ақпарат тараған. Адвокат Сәлімжан Мусин 11 маусымда журналистерге Қасеновтің «ақылға қонымды жағдайда келісімге келуге дайын екенін, бірақ кінәсін мойындамайтынын» айтты.
Маусымның басында үйқамақта отырған Әмір Қасенов президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа видеоүндеу жасап, соттың ашық өтуін талап еткен. Ол сот жабық болған жағдайда аштық жариялайтынын айтқан.
Агенттіктің үстінен Freedom Finance компаниясы арыз түсірген. ҚазТАГ бұған дейін Freedom Finance компаниясындағы «алаяқтық схемалардан зардап шеккендер» жайлы деп бірнеше мақала мен видео жариялаған. Ал Freedom Finance жарияланған мақала мен видеолар шындыққа жанаспайды дейді. ҚазТАГ бұл істі өздеріне жасалған қысым деп санайды.