Қаңтар оқиғасы: сот Таразда оққа ұшқан 5 адамды айыпты деп таныды

Ulysmedia

7 ақпанда Тараз қаласының №2 сотында Қаңтар оқиғасына байланысты айып тағылған тоғыз адамға үкім шықты. Былтыр 23 қарашада басталған сотқа тартылған тоғыздың бесеуі Қаңтар оқиғасы кезінде Таразда мерт болған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz "Азаттыққа" сілтеме жасап.

RFE/RL

Сотталушыларға "жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты", "оқ-дәріні заңсыз алып жүрді" деген айыптар тағылған.

Үкімде айыпталғандардың бәрі былтыр қаңтардың 6-сына қараған түні "қоғамға қауіпті іс-əрекетін ұғына отырып, қирату, өртеу, мүлікті жою, атыс қаруын қолдану және билік өкілдеріне қарулы қарсылық көрсетуге ұласқан жаппай тəртіпсіздікке қатысқаны", "билік өкілдерінің заңды талаптарына бағынбай, жаппай тəртіпсіздік жасауға шақырып, оқ-дəрiнi заңсыз иемденіп, сақтағаны, тасымалдағаны жəне алып жүргені" айтылған.

"Сотталушылардың кінəсі дəлелін тапты" деді судья Бағлан Төребекұлы

Сот Марат Бекбау бұған дейін де сотты болғанын ескеріп, оны екі жылға бостандығынан айыруға және жазасын қауіпсіздігі жоғары түзеу мекемесінде өтеуге үкім етті.

Асхат Ташекеевті де екі жылға бостандығынан айырып, амнистияға ілінуіне байланысты сот залынан босатты.

Ғани Керімбаевты үш жылға бас бостандығынан айырды. "Рақымшылық туралы" заң қолданылуына байланысты жаза мерзімі қысқарып, ол мерзім ендігі өтелгендіктен, Керімбаев сот залынан босатылды. Нұрбол Ережеповке де үш жыл қамау жазасы кесілді. Алайда "Рақымшылық туралы" заң бойынша жаза мерзімі қысқартылып, шартты түрде тоғыз айға бостандығынан айырылды.

Ал Қаңтарда қаза тапқан Исатай Донбаев, Райс Рысбеков, Ержан Байжанов, Нұрсұлтан Қуатбаев пен Тоқтар Ошақбайға жаза тағайындалмағанымен, сот бесеуін де кінәлі деп таныды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Тараз соты "Қаңтар оқиғасы кезінде тәртіпсіздікке қатысқаны үшін кінәлі" деп таныған марқұмдардың туыстары үкімге наразы. Олар әділдікке қол жеткізу үшін Жоғарғы сотқа жүгінбек.

Ресми дерек бойынша, былтыр Таразда Қаңтар оқиғасында 15 адам оқ тиіп қаза болған. Адам өлімі бойынша қозғалған істердің барлығы жабылған.