Airbus Қазақстанға 50 жаңа ұшақ жеткізеді

Ulysmedia
Ulysmedia коллажы

Бельгияда Air Astana мен Airbus компаниясы арасында 50 жаңа ұшақ сатып алу туралы келісімге қол қойылды. Бұл туралы Брюссельде журналистерге сұхбат берген «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

КЕЛІСІМНІҢ ЕГЖЕЙ-ТЕГЖЕЙІ

Жақыповтың айтуынша,  мемлекет басшысының Бельгияға сапары аясында «Самұрық-Қазына» тобына кіретін компаниялар мен еуропалық бизнес өкілдері арасында бірқатар құжатқа қол қойылған.

–  Атап айтқанда, еншілес компаниямыз – ұлттық әуе тасымалдаушысы Air Astana үшін Airbus компаниясының 50 жаңа ұшағын сатып алу туралы келісім жасалады. Ұшақтарды жеткізу 2031 жылдан басталады. Бұл мәміле еуропалық бизнеспен арадағы ынтымақтастығымызды нығайтып, жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді, – деді ол.

«Самұрық-Қазына» басшысының дерегінше,  мәміленің жалпы құны   шамамен 8,3 млрд еуроны құрайды.

– Әңгіме Airbus A320 және A321 үлгісіндегі ұшақтар туралы болып отыр. Әуе паркінің жаңаруы еліміздің өзге өңірлермен, соның ішінде Еуропалық одақпен көлік байланысын күшейтеді, – деп сендірді Жақыпов.

ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫҢ ӨЗГЕ ДЕ БАҒЫТТАРЫ

Орта дәлізді дамыту және мемлекеттер арасындағы тауар айналымын ұлғайту аясында «Самұрық-Қазынаның» тағы бір еншілес компаниясы – «Қазақстан темір жолының» қызметімен байланысты бірқатар келісімдерге қол қойылған.

– Technip компаниясымен жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу жөніндегі келісімге қол қоямыз. Қазір төртінші мұнай өңдеу зауыты бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, MyRechemical компаниясымен экологиялық таза авиациялық отын өндіретін зауыт салу туралы келісім жасаймыз, – деді «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы.

Осы орайда журналистер еліміздегі жаңа мұнай өңдеу зауытының құрылысы қашан басталатынын сұрады. Жақыповтың сөзінше, қазір тиісті зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

– Зерттеу жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады. Сол кезде нақты инвестициялық шешім қабылданады, – деді ол.