200 млрд еуролық бағдарлама: Қазақ ғалымдарына Еуропаның есігі айқара ашылады

Ulysmedia
Ulysmedia коллажы

Қазақстан Бельгияның белді университеттерімен отандық ғылымның дамуына серпін беретін бірқатар келісімдерге қол қойды. Бұл туралы Ulysmedia.kz-ке берген сұхбатында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді.

ЕУРОПАДА 15 МЫҢҒА ЖУЫҚ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ОҚИДЫ

Министрдің айтуынша, Қазақстан Еуропа елдерімен білім және ғылым саласында мықты тарихи байланыс орнатқан.

–  Кәрі құрлықта «Болашақ» бағдарламасы аясында мыңнан астам қазақстандық білім алып жатыр. Ұлыбританияны қоса есептегенде, бүгінде Еуропа елдерінде 15 мыңға жуық отандасымыз оқиды. Қазақ жастары Еуропаның ең беделді университеттерінде білім алуда, – дейді ол.

Саясат Нұрбек соңғы жылдары Бельгиядағы білімгерлеріміздің саны да күрт өскенін атап өтті.

–  Бұрын бұл ел бұрын көпшілікке онша таныс емес еді. Ал шын мәнінде Бельгияда өте мықты зерттеу университеттері бар. Соның ең беделдісі – 1425 жылы құрылған, 600 жылдық тарихы бар Лювен университеті. Жақында ол өзінің 600 жылдық мерейтойын атап өтті. Сонымен қатар Гент университеті, Монс университеті, әйгілі Брюссель дипломатиялық академиясы бар. Сондықтан қазір Бельгияда және жалпы Орталық Еуропада қазақстандықтардың саны артып келеді, – деді министр.

Ведомство басшысы қазақ жастары онда тек білім алып қана қоймай, ғылыми зерттеулермен де айналысып жүргенін айтты. Кеше президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бельгияға сапары аясында Еуропаның жетекші университеттерінде дәріс беретін, ең ірі ғылыми орталықтарда жұмыс істейтін және жетекші компанияларда еңбек етіп жүрген бір топ қазақстандықпен кездескен болатын.

ЖЫРАҚТАҒЫ ҚАЗАҚ ҒАЛЫМДАРЫ ЕЛГЕ ОРАЛА МА?

Саясат Нұрбектің айтуынша, Еуропада білім алған қазақ жастарының көбі Қазақстанға орала бастаған.

– Елімізде әлемнің беделді жоғары оқу орындарының филиалдары ашылып жатыр. Бұл фактор бізге үлкен серпін беруде. Қазіргі таңда Қазақстандағы шетелдік университеттердің филиалдарында 12 мыңнан астам студент білім алып, мыңға жуық оқытушы сабақ беруде. Сондықтан шетелдегі мықты ғалымдарымыз да елге орала бастады, – дейді министр.

ГЕНТ ЖӘНЕ ЛЮВЕН УНИВЕРСИТЕТТЕРІМЕН КЕЛІСІМ

Сондай-ақ, Саясат Нұрбек президенттің сапары аясында Гент университетімен келісімшартқа қол қойылғанын мәлімдеді.

– Биыл Астанадағы Alem.AI жасанды интеллект орталығында арнайы зертхана ашылады. Біз 20 математикті Гент университетінде оқытып алдық. Осы оқу орнының жетекші математиктері бізге қолдау көрсетіп, жасанды интеллект саласындағы математиканы дамытуға көмектеседі. Қазір жасанды интеллект көп жағдайда қате немесе жаңсақ ақпарат береді. Оны түзету үшін мықты математиктер мен күрделі алгоритмдер қажет. Киберқауіпсіздік және басқа да бағыттар бойынша Гент университеті бізге қолдау көрсететін болады. Солармен бірлескен зертхана ашылады, – деп түсіндірді ведомство басшысы.

Қазақстандық делегация Бельгияның әйгілі Лювен университетімен де келісімшарт жасасыпты.

– Бұл оқу орнында тау-кен және гидрометаллургия саласындағы ірі ғылыми орталық бар. Солармен бірлесіп, Шығыс Қазақстан техникалық университетінің базасында арнайы зерттеу орталығы ашылады. Сонымен қатар сирек металдар мен металлургия саласындағы Лювен университетінің жетекші ғалымдары Қазақстанға келетін болады, – деді Саясат Нұрбек.

ҒЫЛЫМҒА ҚҰЙЫЛАТЫН 200 МЛРД ЕУРО

Министрдің айтуынша, бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Еурокомиссия басшысы Қазақстанның әлемдегі ең ірі ғылыми бағдарламалардың бірі – Horizon Europe-қа қосылатынын ресми түрде жариялайды.

– Осыдан үш жыл бұрын біз тұңғыш рет осы бағдарламаның ұлттық үйлестіру кеңсесін аштық. Бағдарламаға қосылу үшін екі жыл бұрын Еурокомиссия өкілдері Қазақстанға келіп, зерттеу жүргізді. Жақында біз осы бағдарламаға қосылу процесін бастадық. Ертең Президентіміз бен Еурокомиссия басшылығы бұл туралы ресми түрде жариялайды. Бұл – бюджеті 200 млрд еуроны құрайтын бағдарлама. Соның арқасында біздің ғылыми-зерттеу орталықтарымызға, университеттерімізге және ғалымдарымызға жаңа мүмкіндіктер ашылады. Ең бастысы – Еуропаның ең мықты ғылыми орталықтары мен институттарының тәжірибесін тікелей игеруге жол ашылады, – деп сендірді ведомство басшысы.