Қазақстандықтарға Ұлттық куәландыру орталығының жеке кабинетінде екі факторлы аутентификация енгізілетіні ескертілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ хабарлауынша, Ұлттық куәландыру орталығының жеке кабинетінде пайдаланушылардың аккаунттарының қауіпсіздігін арттыру мақсатында екі факторлы аутентификация енгізілді.
«Енді жүйеге кіру кезінде электрондық цифрлық қолтаңбамен (ЭЦҚ) және кілт құпиясөзімен қатар қосымша растаудан өту қажет. Ол бір реттік SMS-код арқылы немесе eGov Mobile мобильді қосымшасындағы “Жеке куәлік” цифрлық құжатынан алынатын код арқылы жүзеге асырылады», – делінген ведомство хабарламасында.
Сондай-ақ бұл механизм Қазақстан Республикасында резидент еместеріне қолданылмайтыны атап өтілді. Себебі олардың мобильді азаматтар базасында тіркелген телефон нөмірі жоқ.
«Қосымша тексеру кезеңі пайдаланушылардың есептік жазбаларын қорғауға және жеке деректерге рұқсатсыз кірудің алдын алуға бағытталған», – деп хабарлады «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ.