Еуропалықтар Қазақстанмен әріптестікке өздері сұранып отыр  – Көшербаев

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

Еуропалық компаниялар Қазақстанға ерекше қызығушылық танытып отыр. Бұл туралы Брюссельдегі сапар барысында Қазақстанның сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ЕҢ ІРІ СЕРІКТЕС

Министрдің сөзінше, Еуропа Қазақстанның сауда және инвестиция саласындағы ең ірі серіктесі болып қала береді.

«Еуропа – сауда және инвестиция жағынан біздің ең ірі серіктесіміз. Мұны есте сақтау керек. Қазіргі әріптестік деңгейін төмендетпей, одан әрі көтеруді мақсат етіп отырмыз. Осы сапар сол бағытта өз үлесін қосады деп сенеміз», – деді Ермек Көшербаев.

Ведомство басшысы сапар барысында президент бірқатар саяси келіссөздер жүргізіп, Еуроодақ басшыларымен кездескенін атап өтті. Сондай-ақ экономикалық бағыттағы кездесулер мен бизнес-форум аясында маңызды құжаттарға қол қойылған. Келісімдердің жалпы сомасы – 12 млрд доллар.

БЕЛЬГИЯ КОРОЛІ ҚАЗАҚСТАНҒА КЕЛЕДІ

Көшербаевтың айтуынша, еуропалық инвесторлар Қазақстанмен ынтымақтастыққа мүдделі.

«Еуропалықтар кездесулерге өздері сұранып отыр. Былтыр желтоқсан айында келгенде бірқатар келіссөздер өткізгенбіз. Олардың өкілдері де бізге келіп тұрады», – деді ол.

Көшербаев сондай-ақ Бельгия королінің Қазақстанға сапары күзге жоспарланғанын айтты. Оның сөзінше, Бельгиямен екіжақты қарым-қатынасты Еуроодақ институттарының қызметімен шатастыруға болмайды, өйткені Брюссель бір мезгілде Еуропалық кеңес пен Еурокомиссияның штаб-пәтері саналады.

КОНТЕКСТ

Айта кетейік, бұдан бұрын Бельгияда Air Astana мен Airbus компаниясы арасында 50 жаңа ұшақ сатып алу туралы келісімге қол қойылған. «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың айтуынша, ұшақтарды жеткізу 2031 жылдан басталады. Мәміленің жалпы құны шамамен 8,3 млрд еуроны құрайды.

Сондай-ақ, Брюссельде қазақстандық ғылымның дамуына серпін беретін бірқатар келісімдер жасалды. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, Қазақстан әлемдегі ең ірі ғылыми бағдарламалардың бірі – Horizon Europe-қа қосылды. Бұл – бюджеті 200 млрд еуроны құрайтын бағдарлама. Соның арқасында біздің ғылыми-зерттеу орталықтарымызға, университеттерімізге және ғалымдарымызға жаңа мүмкіндіктер ашылады. Ең бастысы – Еуропаның ең мықты ғылыми орталықтары мен институттарының тәжірибесін тікелей игеруге жол ашылмақ.

Президенттің көмекшісі Нұрлан Байбазровтың айтуынша, мемлекет басшысының Брюссельге сапары барысында жалпы құны 12 млрд АҚШ долларынан асатын инвестициялық жобаларға қол қойылды.