"Тыныс алатын түтігінің іші толған ірің": Ербаянның туыстары мәлімдеме жасады

Ulysmedia
Коллаж Ulysmedia.kz

Ербаян Мұхтар қайтыс болғаннан кейін оның отбасы дәрігерлерді салғырттық танытты деп айыптады. Туыстарының айтуынша, жас жігітте әлі де өмір белгілері байқалып тұрған кезде жасанды тыныс алдыру аппараты өшірілген. Денсаулық сақтау министрлігі бұл айыптаулармен келіспейді. Ведомствоның мәліметінше, дәрігерлер науқастың өмірін сақтап қалу үшін барлық қажетті емдеу және реанимациялық шараларды толық жүргізген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

23 жастағы Ұлттық ұланның бұрынғы әскери қызметкері Ербаян Мұхтар Астанадағы Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығында қайтыс болды. Оның өлімінен кейін отбасы алғаш рет көпшілік алдында мәлімдеме жасап, дәрігерлерді салғырттық танытты деп айыптады.

Ербаянның ағасы Наурызбай Сәкібаевтың Masa Media басылымына айтуынша, мамыр айының соңында жігіт пневмониясының асқынуына байланысты ауруханаға жатқызылған. Ербаянның жағдайы күннен-күнге нашарлаған, ал медицина қызметкерлері оған тиісті деңгейде бақылау жасамаған көрінеді.

– Ербаянда пневмония болды. Үйде жүргенде өзін жақсы сезінетін. Пневмонияны өзіміз емдеп жүргенбіз. Кейін жедел жәрдем шақырдық, олар келіп Ербаянды алып кетті. Ол мұнда шамамен жиырма күн жатты. Тіпті телефонымда бейнежазбалар сақталған, оның тыныс алатын түтігінің іші толған ірің еді. Оған мүлде қарамаған. Соның салдарынан инфекция тараған болуы керек. Өздеріңіз көріп тұрсыздар, асқынулар басталды. Бүгін қоңырау шалып, Ербаянның қайтыс болғанын айтты.

Анасы, әкесі және қарындасы Құндыз келді. Олар Ербаянды көрген кезде оның денесі әлі жылы болды, қан айналымы жүріп жатты, жүрегі соғып тұрды.Өмір белгілерінің бәрі сақталған еді. Олар: «Аппаратты неге өшірдіңіздер?» деп сұрағанда «ол қайтыс болды» деп жауап берген. Бірақ аппаратты өшіргеннен кейін адам шынымен қайтыс болады ғой. Оның өмірін дәл сол аппарат ұстап тұрған еді, – деді ер адам.

24 маусымға қараған түні Ербаянның денесі сараптама жасау үшін мәйітханаға жіберілді. Отбасы тергеудің әділ өтетініне сенбейтіндіктен, денені жерлеуге беруді сұраған.

Журналистер Ербаянды емдеген дәрігерлерден пікір алуға тырысқанымен, олар БАҚ өкілдерімен сөйлесуден бас тартқан.

Министрліктің ресми жауабы

Денсаулық сақтау министрлігі Ұлттық ұланның бұрынғы әскери қызметшісі Мұхтар Ербаянның қайтыс болуына байланысты мәлімдеме жасады. Министрліктің хабарлауынша, Ербаян Мұхтар әскери қызмет кезінде ауыр бас жарақатын алғаннан кейін шамамен үш жыл бойы өте ауыр жағдайда болған. Дәрігерлер осы уақыт ішінде оның өмірін сақтап қалу үшін бар күшін салған.

Алайда жарақаттың салдарынан оның миында қалпына келмейтін өзгерістер болды. Ол ұзақ уақыт бойы ес-түссіз күйде жатып, арнайы аппараттардың көмегімен тыныс алып отырды. Уақыт өте келе оның денсаулығы нашарлап, ағзасының маңызды қызметтері әлсірей бастады.

Дәрігерлер барлық қажетті ем-шараларды жүргізді. Сондай-ақ ол ем алу үшін Түркия Республикасы еліне жіберіліп, онда да тексеруден өтті. Бірақ мамандар бастапқы диагнозды растады.

“2026 жылдың маусым айында негізгі ауыр сырқаттың аясында инфекциялық асқынулар, сепсис және көп ағзалық жеткіліксіздік синдромы дамыды. 2026 жылғы 23 маусымда сағат 21:40-та науқастың биологиялық өлімі тіркелді. Өлімнің тікелей себебі ауыр бас-ми жарақатының салдары мен оған қосылған асқынулар аясында дамыған көп ағзалық жеткіліксіздік синдромы болды”, – делінген хабарламада.

Сондай-ақ министрлік науқас заманауи медициналық құралдармен жабдықталған арнайы палатада емделгенін, дәрігерлер оған қажетті дәрі-дәрмектерді беріп, жағдайына сай үздіксіз күтім көрсеткенін мәлідеді. 

“Медицина қызметкерлері емдеу мен күтімнің барлық қажетті шараларын толық орындады. Сонымен қатар, жақындарының оны көріп тұруына мүмкіндік жасалып, сапалы медициналық көмек көрсету үшін барлық жағдай қамтамасыз етілді”, – дейді министрлік өкілдері.

Контекст

Еске салсақ, Ербаян Мұхтар әскери қызмет кезінде ауыр жарақат алып, кейін ұзақ уақыт бойы емделген еді. Оның жағдайы қоғамда кеңінен талқыланып, қазақстандықтар әскери бөлімдегі оқиғаның мән-жайын анықтауды талап еткен болатын.