"Аппаратты өшіріп тастаған": Ербаян қайтыс болған түні ауруханада не болды

Ulysmedia
Коллаж Ulysmedia.kz

Ербаян Мұхтар қайтыс болған түні Астанадағы Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының алдында оның туыстары мен полиция қызметкерлері арасында қақтығыс болды. Марқұмның отбасы мәйітті сот-медициналық сараптамаға беруден бас тартқан. Оған дейін марқұмның анасы Гүлсім Камиева ұлын қандай себеппен аппараттан ажыратқанын түсіндіруді талап еткен болатын. Сондай-ақ жақындарына палатадағы бейнебақылау камераларының жазбалары көрсетілмеген. Сол түні нақты қандай оқиғалар болғанын Ulysmedia.kz басылымы баяндайды.

Отбасы денені беруді талап етті

23 жастағы Ербаян Мұхтар ауыр жарақаттың салдарымен екі жылдан астам уақыт күресті. Жас жігіт қайтыс болған соң бірнеше сағат ішінде оның денесін мәйітханаға жеткізу үшін ауруханаға полиция келген. Алайда туыстары бұған қарсы шыққан. Олар мәйітті сот-медициналық сараптама жасауға бергісі келмеген.

Түнде аурухана маңында түсірілген кадрларда жақындарының күш құрылымдары өкілдерімен дауласып жатқаны естіледі. Кейін жағдай қақтығысқа ұласқан.

Астана қалалық полиция департаменті кейінірек қызметкерлердің мәйітті сот-медициналық сараптама орталығына жеткізуді ұйымдастыру үшін келгенін растады. Мұндай рәсім өлімнің нақты себебін анықтау үшін міндетті екені айтылды.

«Қызметтік міндеттерін атқару барысында полицейлер наразылық пен қарсылық көрсету әрекетіне тап болды. Сонымен қатар бұл дерек бойынша қызметтік тексеріс басталды, оның нәтижесі бойынша барлық қатысушылардың әрекетіне құқықтық баға беріледі», – делінген ПД мәлімдемесінде.

“Неге бізді алдайсыздар?”

Бұған дейін Ербаян жатқан палатада дәрігерлермен даулы жағдай болған. Анасы ұлының жанында тұрып, аппаратты қайта қосуын сұраған. Әйел баласының қайтыс болғанына сенбеген.

«Бүкіл денесі әлі жылы. Олар барлық аппараттарды өшіріп тастаған. Мен қайта қосуын сұраймын, бірақ ешкім істемейді. Көмектесіңіздер. Неге бізді алдайсыздар?» – деді Гүлсім Камиева.

Дәрігерлер сол сәтте Ербаянның қайтыс болғанын айтқан.

Туыстары оның ауруханада жатқан соңғы күндері туралы көптеген сұрақтарға жауап ала алмай отыр. Палатадағы бейнебақылау камералары жұмыс істемеген, сондықтан оған кім кіріп-шығып жүргенін және қалай күтім жасалғанын анықтау мүмкін емес.

Марқұмның ағасы Наурызбай Сәкібаев Masa Media басылымына берген сұхбатында Ербаянның тыныс алу түтігі іріңге толып қалғанын және оған тиісті күтім жасалмағанын айтқан.

«Ербаянда пневмония болды. Үйде өзін жақсы сезінетін. Біз өзіміз емдегенбіз. Кейін жедел жәрдем шақырдық, олар алып кетті. Ол мұнда шамамен жиырма күн жатты. Телефонымда видео да сақтаулы, тыныс алу түтігі іріңге толы болған. Оған мүлде қарамаған. Сол себепті инфекция асқынып кеткен сияқты. Дәрігерлер қарамаған. Видеоны да көрсетпейді», – деді ол.

Наурызбайдың айтуынша, олар қайтыс болды деген хабардан кейін ауруханаға келгенде Ербаянда әлі де тіршілік белгілері бар сияқты көрінген.

«Анасы, әкесі және қарындасы келді. Ербаянды көргенде оның денесі жылы болған, қан айналымы бар, жүрегі соғып тұрған. Олар “неге аппаратты өшірдіңіздер?” деп сұрады. Оларға “ол қайтыс болды” деді. Бірақ аппарат өшірілгеннен кейін адам шынымен өледі. Оны тірі ұстап тұрған сол аппарат еді», – деді ол.

Отбасы әділ тергеуге сенбейтінін айтқан. Олар Ербаянға тиісті күтім көрсетілмеген деп есептейді.

Министрліктің ресми жауабы

Денсаулық сақтау министрлігі Ұлттық ұланның бұрынғы әскери қызметшісі Мұхтар Ербаянның қайтыс болуына байланысты мәлімдеме жасады. Министрліктің хабарлауынша, Ербаян Мұхтар әскери қызмет кезінде ауыр бас жарақатын алғаннан кейін шамамен үш жыл бойы өте ауыр жағдайда болған. Дәрігерлер осы уақыт ішінде оның өмірін сақтап қалу үшін бар күшін салған.

Алайда жарақаттың салдарынан оның миында қалпына келмейтін өзгерістер болды. Ол ұзақ уақыт бойы ес-түссіз күйде жатып, арнайы аппараттардың көмегімен тыныс алып отырды. Уақыт өте келе оның денсаулығы нашарлап, ағзасының маңызды қызметтері әлсірей бастады.

Дәрігерлер барлық қажетті ем-шараларды жүргізді. Сондай-ақ ол ем алу үшін Түркия Республикасы еліне жіберіліп, онда да тексеруден өтті. Бірақ мамандар бастапқы диагнозды растады.

“2026 жылдың маусым айында негізгі ауыр сырқаттың аясында инфекциялық асқынулар, сепсис және көп ағзалық жеткіліксіздік синдромы дамыды. 2026 жылғы 23 маусымда сағат 21:40-та науқастың биологиялық өлімі тіркелді. Өлімнің тікелей себебі ауыр бас-ми жарақатының салдары мен оған қосылған асқынулар аясында дамыған көп ағзалық жеткіліксіздік синдромы болды”, – делінген хабарламада.

Сондай-ақ министрлік науқас заманауи медициналық құралдармен жабдықталған арнайы палатада емделгенін, дәрігерлер оған қажетті дәрі-дәрмектерді беріп, жағдайына сай үздіксіз күтім көрсеткенін мәлідеді. 

“Медицина қызметкерлері емдеу мен күтімнің барлық қажетті шараларын толық орындады. Сонымен қатар, жақындарының оны көріп тұруына мүмкіндік жасалып, сапалы медициналық көмек көрсету үшін барлық жағдай қамтамасыз етілді”, – дейді министрлік өкілдері.

Контекст

Еске салсақ, Ербаян Мұхтар әскери қызмет кезінде ауыр жарақат алып, кейін ұзақ уақыт бойы емделген еді. Оның жағдайы қоғамда кеңінен талқыланып, қазақстандықтар әскери бөлімдегі оқиғаның мән-жайын анықтауды талап еткен болатын.