27 маусымда Қазақстан аумағындағы мемлекеттік орман қоры аумағында үш орман өрті тіркелді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Өрттің бірі Қарағанды облысында болды. Тағы екі өрт «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының аумағында тіркелді.
Экология министрлігінің мәліметінше, үш өрттің де шығуына найзағайдың түсуі себеп болған.
Өрт ошақтарының барлығы дер кезінде анықталып, толық сөндірілді. Өртті сөндіру жұмыстарына орман күзеті қызметкерлері мен басқа да тиісті қызметтердің мамандары жұмылдырылды.
КОНТЕКСТ
Бұған дейін Павлодар облысында «Баянауыл» ұлттық табиғи паркінің маңында шыққан өрті сөндірілген еді. Өрт Долбы орманшылығының жанында тұтанып, мемлекеттік орман қоры аумағына қауіп төндіргенімен, жалын орманға таралып үлгермеген.