Ақтаудағы газ құю бекеттерінде жүргізушілер сағаттап кезек күтіп тұр

Сырым Қаржас
azh.kz

Ақтауда автокөлік жүргізушілері сұйытылған газдың тапшылығына шағымданып жатыр. Қаладағы автогаз құю бекеттерінде ұзын-сонар кезек пайда болып, кейбір станциялар уақытша жұмысын тоқтатқан, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Lada.kz  мәліметінше, кейбір автогаз құю бекеттерінде «Газ жоқ» деген жазу ілінген. Ал газ сатылып жатқан бекеттерде көліктер ұзын-сонар кезекте тұр.

Басылым тілшілері қаланың бірнеше жанармай құю бекетіне барып, кезектің шынымен де ұзақ екеніне көз жеткізген.

ЖҮРГІЗУШІЛЕРДІҢ НАРАЗЫЛЫҒЫ

Көлік иелері мұндай жағдайдың жыл сайын жаз мезгілінде қайталанатынын айтып отыр. Олардың сөзінше, билік маусымдық сұраныстың артатынын алдын ала білсе де, мәселе жылдан-жылға шешілмей келеді.

Жүргізушілердің бірі газ құю үшін кезекте бір сағаттан астам тұрғанын айтқан. Оның сөзінше, аптап ыстықта мұндай ұзақ күту тіпті қиынға соғады.

БИЛІК НЕ ДЕЙДІ?

Маңғыстау облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасы өңірде сұйытылған газ тапшылығы жоқ екенін мәлімдеді.

Ведомствоның мәліметінше, кезек тек кейбір жанармай құю бекеттерінде, негізінен қалалар мен аудандардың орталық көшелерінде байқалады.

Қазіргі уақытта өңірде 185 мыңнан астам автокөлік тіркелген. Оның 104 мыңға жуығы сұйытылған газбен жүреді.

Сонымен қатар кейінгі үш жылда облысқа Грузияның транзиттік нөмірлері бар 22 мыңнан астам көлік әкелінген. Олардың басым бөлігі де сұйытылған газды пайдаланады.

Ай сайын Маңғыстау облысына 18 мың тонна сұйытылған газ бөлінеді. Бұл – Қазақстан өңірлері арасындағы ең жоғары көрсеткіш. Салыстырмалы түрде алғанда, басқа облыстардың көпшілігіне 11 мың тонна немесе одан да аз көлемде газ беріледі.